Осыған орай жастардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындап, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесу мақсатында Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжі базасында жаңа бастама – «STARTPROFI-ZHAMBYL» кәсіби бағдар беру алаңы іске қосылды. Аталған алаң – тек ақпарат беру орталығы ғана емес, тәжірибелік бағыттағы жұмыс алаңы. Оның басты мақсаты – жастарды өз қабілеттері мен қызығушылықтарына сәйкес келетін мамандықты дұрыс таңдауға жетелеу. Бұл жоба еңбек нарығындағы сұранысқа ие кәсіптер туралы кеңінен мағлұмат беріп, нақты жол көрсетуімен ерекшеленеді.
Алаң жұмысының негізгі бағыттары:
Кәсіптік диагностика: оқушылардың қабілеті мен бейімін анықтайтын тесттер мен сараптамалар;
Кәсіптер әлеміне саяхат: түрлі мамандықтар бойынша видеоэкскурсиялар мен таныстырылымдар;
Менторлық сессиялар: табысты еңбек адамдарымен жүздесу арқылы өмірлік тәжірибе алу;
Өндірістік турлар: кәсіпорындарға барып, нақты еңбек процесімен танысу;
Практикалық шеберлік сабақтар: кәсіптік шеберлікті жетілдіруге бағытталған мастер-кластар;
Оқу орындары туралы ақпарат: колледждер мен жоғары оқу орындарының таныстырылымы;
Қызығушылық клубтары мен үйірмелер: шығармашылық қабілетті арттыруға бағытталған шаралар;
Ата-аналармен кеңес: кәсіби бағдар беруде ата-аналардың рөлін күшейту.
Алаңның ашылу салтанатына еңбек нарығы мен кәсіпкерлік саласының белді өкілдері қатысты. Атап айтқанда, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының бас маманы Мая Оспановна, «Би-Дәулет» ЖШС директоры Туғанай Жалмұратқызы, сондай-ақ «Рысбаев и Ко» ЖШС директорының орынбасары Қайрат Темірғалиұлы жастарға еңбек нарығының қазіргі жағдайы, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды таңдаудағы негізгі факторлар туралы құнды ақпараттар ұсынып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. «STARTPROFI-ZHAMBYL» кәсіби бағдар беру алаңы – жастарға бағыт беретін, болашақ өміріне жол сілтейтін маңызды орталыққа айналмақ. Мұндай бастамалар жас буынның еңбекке бейімделуіне, өз жолын дұрыс таңдауға және табысты маман болып қалыптасуына зор үлес қосатыны анық.
Жамбыл облысы Білім басқармасы