Ведомство мәліметінше, 23 жасөспірім есірткі қылмысы үшін ұсталған.
«Биыл үш айда бүкіл ел бойынша тыйым салынған заттарды сақтауға және таратуға қатысы бар деген күдікпен 23 жасөспірім ұсталды. Олардың ішінде колледждердің бірінші курс студенттері мен 9-11-сынып оқушылары бар. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Есірткі қылмысы үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады», — деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының орынбасары Қуандық Әлжанов.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 296 және 297-баптарына сәйкес есірткіні сақтағаны және таратқаны үшін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Оған қоса Қылмыстық кодекстің 299-1-бабы бойынша есірткіні интернет және әлеуметтік желілер арқылы насихаттау мен жарнамалау үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылады.
«Құрметті ата-аналар! Сіздерді балаларыңыздың ортасына және олардың бос уақытында не істейтініне ерекше назар аударуға шақырамыз. Қауіптің алдын алу маңызды! Балалардың болашағы біздің қолымызда! Бірлесіп қана есірткісіз, қауіпсіз қоғам құра аламыз! — деді ІІМ өкілі Қуандық Әлжанов.