Нұрғали НҮСІПЖАНОВ, Қазақстанның халық əртісі, Өзбекстанның еңбек сіңірген мəдениет қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты: ХАЛЫҚТЫҢ БАТАСЫ – ЖОҒАРЫ БАҒА
Қазақ ән өнерінің көшін алға сүйреп, қоңыр үнімен халықтың қошеметіне кенеліп, талайға үлгі болған біртуар әнші Нұрғали Нүсіпжанов биыл сексен жасқа толды. Сексеннің сеңгіріне қадам басқан өнер иесі осы жасында ел халқымен бірге болып, әр өңірлерде өзінің ән кешін өткізуді қолға алыпты. Қарттық шаққа қайырылған әншінің талантына тамсанбайтын қазақ кемде-кем. Аймаққа ат басын бұрып, облыстық қазақ драма театрында жамбылдықтарға әннен шашу шашып, жылы жырымен тербеген Нұр-ағамен біз де азды-көпті әңгіме өрбіттік.
– Консерватория табалдырығын аттап, опера әншісі болған шақты еске алайықшы. Өнерге келуіңізге кімдер ықпал етті?
– Әнге деген құштарлық мені консерваторияға алып келді. Тіпті 10-сыныпты бітіріп, партияға өтіп, 2 жыл қой бағып жүрген кезде де мен үмітімді үзген жоқпын. Ол кездері партияның қатарында болмасаң, алысқа баруың оңай емес-тін. Содан 1956 жылы музыка өнерінің қара шаңырағы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясына оқуға қабылдандым. Оны аяқтаған соң радио-телеарнада редактор болып, он шақты жыл қызмет етіппін. 1976 жылы Қазақтың мемлекеттік Құрманғазы атындағы академиялық халық аспаптары оркестріне қабылданып, біршама уақыт осы қазанда қайнадым. Маған әсіресе радиода қызмет еткен жылдар жаныма қатты жақын болды. Себебі онда жүріп ән айтуға мүмкіндік алдым. Бұл қазақ әндеріне бір табан жақын болуға мүмкіндік берді. Көп композитор, ақындармен етене араластым. Нұрғиса ағамыз «Сарыжайлау», «Ақ құсым», «Балдызым», «Куә бол», «Әкеме», «Әжеме», «Жетісуым», «Қапшағай», «Келе жатыр құс қайтып» сынды жиырма шақты керемет әндерін маған арнап жазды. Менің репертуарымды түгендеп берді. Сол себепті мен олардың атын, рухын, ой-арманын тірілтуім керек. Оқуда біздің бір топ Қазақстанның өнер қайраткерлерін тәрбиелеп шығарған Надежда Николаевна деген апайымыз болатын. Ол кісі кезінде Күләш Байсейітова апайымызбен бірге опера театрында жұмыс істеген Халық әртісі. Екеуі де қазақ-орыс группасында білім алып жүрген студенттерге қатар дәріс берді. Надежда апайымыздан Бибігүл Төлегенова, Венера Кармысова, Владимир Ким, Гүлвира Разиева секілді өнер майталмандары сабақ алды. Ол дауыстың қойылуы, тыныс жолдары физиологиялық-техникалық тәсілдерді қалай қолдану керектігі жөнінен кәсіби деңгейде үйретті.
– Мерейлі жасқа келіп, өмір мен өнер жолынан түйгеніңіз қандай? Рухани жаңғыруға қадам жасап жатқан жас мемлекеттің мәдениетін дамыту үшін не жасалынуы керек?
– Елбасының бағдарламалық мақаласында еліміздің санасына, адамдардың рухына үлкен толқыныс жасайтын елдің, ауылдың мәдениеті сөз болды. Осы орайда, «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бекерге айтылмаса керек. Елбасы ауылдан шыққан қызмет басындағы азаматтарға, өзінің ел-жұртына деген, туған жерге деген махаббатын паш ету жолында жүйелі жұмыс жасаңдар деп әрқашан құлаққағыс жасайды. Әулиеата жеріне келгендегі негізгі мақсатым – ұлттық өнердегі жаршысы, жарияшысы болатын қазақтың дәстүрлі үлгісіне айналған Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов секілді кәсіби авторлардың шығармаларын насихаттау. Сондағы Отан, ел тақырыбына арналған шығармаларды бір жүйеге келтіріп, үгіт жұмыстарын жасауымыз керек. Себебі аты аталған авторлардың барлығы көзі тірі кезінде барлық дүниелерін менің дауысыма арнап жазып еді. Сондықтан мен олардың әруақтарының алдында өзімді борышкер, солардың тамаша дүниелерін тастап кеткен аманатын арқалап қалған азамат ретінде сезінемін. Енді осы мақсатта біршама ілкімді жоспар құрып, елге, жердің қадір-қасиетін бейнелейтін шығармаларды кеңінен таныту менің негізгі жоспарымда тұр. Соның ішінде бірнеше авторлардың шығармашылығы, өмір жолына аз да болса баяндама жасау. Олардың бәрі – менің көз алдымда болған дүние. Шынын айту керек, музыка мәдениетіндегі көп дүниелер жүйесін таппай, жөнді үгіттеліп жатыр деп айта алмаймын. Неге? Өйткені кей шығармаларда бір нәрсені қайталап немесе басқа үлгідегі музыка мәдениетіне насихат жасайды. Ал кей жастарымыз өзі орындап тұрған әннің тарихынан хабары болмайды. Ол жерде автор нені армандады, шығармасымен не түсіндіргісі келді, халқына не айтқысы келді, соны терең ұқпайды. Атүсті орындалып жүрген дүние көп. Сол себепті менің аузымнан бір дерек тарап жүрсе екен деген ойым бар. Мұның еш қиындығы жоқ. Талантты жастар көп, ал оларға біздер бағыт беруіміз керек. Рухымыздың, салт-дәстүріміздің қасиеттерін ұғындыруымыз керек. Ең үлкен мәселе – осы.
– Бүгін сол жастардың арасында Нұрғиса мен Әсеттің шығармасын орындайтын өрендер бар ғой…
– Иә, көбін көзім де шалып жүр. Әннің кез келген жанры, мейлі, кәсіби тұрғыдан алып қарасақ, Нұрғисаның шығармалары әлдеқайда биікте. Ол – қазақ музыкасының классигі. Опера, симфония жазды. Қазақ әнінің керемет үлгілерін жасады. Бірақ қазіргі жас буынның әндерді ырғағынан айырып, заманауи үлгіде қайта жандандыруы көңілге медет болмай тұр. Жаңашылдыққа жақын болған дұрыс, дегенмен әннің естісі бар, есері бар. Шәмшінің әндерін құбылтып, тура жолынан тайдырған өнерпаздарды да байқап жүрмін. «Кісі киімі кіршең» деген бар. Біреудің қаңсығы бізге пұл болмайды. Ол тек қазақ әнін өміршеңдігінен айыратын дүбәралар. Былайша айтқанда, дерт деуге саяды.
– Енді осы дерттің алдын қалай алуға болады?
– Ешкімге еліктемей, ақ пен қараны ажыратқандай, өзімізге тән ұлттық дүниені сақтап, біреудің қаңсығын қаперге алмауымыз керек. Біреудің ізімен кетіп, нашар көшірменің қажеті не? Қазір әр ұлттың өзінің үгіттеушілері бар. Ал бізді кім үлгі тұтып, үгіттейді? Осыны ойлауымыз керек. Ұлттық қасиетті айшықтайтын нәрселерді мейлінше айта жүруіміз керек. Бүгінгі жастарға жаным ашиды. Олардың арасында таланттар бар, бірақ бағыт-бағдар жоқ. Соларды қарамағымызға, құшағымызға алуымыз керек. Біреудің атын ерттеп, біреудің отын жағып жүрмеуі керек…
– Сахнаға бүгін шығып, ертесіне «жұлдыз ауруына» шалдығатындар да осылар ғой…
– Соңғы жылдары қазақ шоу-бизнесінде осы мәселе көптен бері айтылып та, жазылып та жүр. Расында, кімдер жұлдыз? Кез келген өнер иесін жұлдыз деуге бола ма? Менің ойымша, жұлдыз деген өз еліне өлшеусіз қызмет етіп, еңбегімен, өнерімен жұртқа танылған, белгілі болған адамдар. Музыка өнері – ғасырлар сынынан өткен өнер. Ән-жыр елдің рухын көтерген, ұран болған. Сондықтан ел алдындағы өнерпаздар ең алдымен қазақтың ұлттық қасиетін бойына сіңіре білуі тиіс. Аспандағы жұлдыз ол өз орнын тауып айшықталған, сәулесін шашатын планета. Жердегі жұлдыз да сондай болуы тиіс. Таланттар бар, бірақ оларға бірдей атақ бермей, уақыт беру керек. Мүмкіндік беру керек. Олар өздерін қамшылап жұмыс істеуі тиіс. Атақ ешқайда қашпайды. Нағыз өнер өз бағасын міндетті түрде алады. Халықтың батасы – бағаның жоғарысы.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Толғанай АТАБАЙ.