Жуырда Қазақстанда бұрын-соңды болмаған экологиялық прецедент орын алды. Ауа-райының қолайсыздығы мен түтіннің салдарынан алғаш рет облыстардың біріндегі мектеп оқушылары қашықтықтан оқыту форматына көшірілді. Бұрын балаларды «қашықтықтан оқытуға» тек аяз, көктайғақ немесе қатты жел салдарынан ғана жіберетін. Әңгіме қарашаның аяғында Өскемен қаласындағы мектептерде, Глубоковский ауданындағы Опытное поле, Степное, Ушаново және Прапорщиково ауылдарында оқушылар үшін «қашықтықтан оқыту» енгізілген Шығыс Қазақстан облысы туралы болып отыр.
Облыс орталығында жел соқпай, көшелерді қою тұман басып, балалардың сабаққа баруы орынсыз деп танылды. «Қазгидрометтің» мәліметі бойынша қараша айының соңғы күндерінде Өскеменде ІІ деңгейлі қолайсыз метерологиялық ахуал іс жүзінде тіркеліп, атмосферадағы ластаушы заттардың мөлшері күрт артып кеткен. Осылайша, қараша айының соңғы күндерінде күкірт сутегінің шекті көрсеткіші – 4,4, күкірт диоксиді – 3,8, көміртегі тотығы – 1,9-ға жеткен.
Бұл жағдай Өскемендегі қоршаған ортаның ластануы және оның азаматтардың денсаулығына әсері мәселесін кезекті рет талқылауға негіз болды. Өңірлік және республикалық БАҚ көптеген қала тұрғындарының қолайсыз метеорологиялық ахуал қалыптасқан күндерде жөтел, тамақ ауруы және улану белгілеріне шағымданғаны туралы бірнеше материал жариялады. Ондағы денсаулық сақтау саласының өкілдері екі науқасқа «Химиялық заттардың әсерінен жоғарғы тыныс жолдарының зақымдануы» диагнозы қойылғанын айтты. Бұл диагноз Халықаралық аурулар классификациясы жүйесінде өткен жылы ғана тіркелген.
Өз кезегінде біз Қазақстанның қай қалаларының экологиялық қолайсыз қалалар санатына жиі түсетінін сараптап көрдік. «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша атмосфералық ауаның ең жоғары ластану дерегі Астана мен Қарағандыда тіркелген. Бұл қалалардағы ластану деңгейі өте жоғары деп бағаланады. Аз дәрежеде, бірақ экологиялық жағынан қолайсыз қалалар деп Алматы, Өскемен, Түркістан, Петропавл, Қостанай, Орал және Ақтөбені атауға болады. Соңғы бір жылда оларда ауаның ластану деңгейі жоғары болды. Қазақстанның облыс орталықтарының тізіміндегі «жасыл» қалаларды саусақпен санарлық. Оларға Көкшетау, Қызылорда және 2024 жылдың екінші тоқсанында қосылған Талдықорғанды жатқызуға болады.
Ластану деңгейінің төмендігімен Көкшетау мен Орал ғана мақтана алады. «Қазгидрометтің» есебінде ұсынылған 19 қаланың 11-інде қазан айында ауаның ластануы жоғарылаған. Ведомство мамандары мұндай қорытындыға экологиялық көрсеткіштер – ластанудың стандартты индексі (СИ) және оның пайда болу жиілігі (НП) негізінде келеді. Бұл өз кезегінде бақылау бекеттерінде ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясының асып кетуі қанша рет тіркелгеніне және оның қаншалықты ауыр болғанына байланысты.
2024 жылдың қазан айында ластанудың жоғары деңгейі Өскемен, Түркістан және Павлодар қалаларында, ал өте жоғары деңгейі Алматы, Астана және Қарағанды қалаларында тіркелді. Экологиялық көрсеткіштер бойынша жағдай соңғы екі қалада өте нашар болды. Ластаушы заттардың шекті рұқсат етілген концентрациясынан асуы күн сайын дерлік байқалып отырған. Елордада стационарлық көздерден түсетін шығарындылар 138,7 мың тоннаны, Қарағанды облысында 585 мың тоннаны құраған.
Қазақстандағы экологиялық мәселелер қатерлі ісіктердің таралуына белгілі бір дәрежеде әсер етеді. Бұл әсерлерді бірнеше негізгі факторлар арқылы түсіндіруге болады. Қазақстанда экологияның негізгі мәселелерінің бірі – өнеркәсіптің дамуымен байланысты ауаның, судың және топырақтың ластануы. Өнеркәсіптік қалдықтар мен токсикалық химикаттар, әсіресе металлургия, химия, көмір өндірісі сияқты салалардан шыққан заттар қоршаған ортаға теріс әсер етеді. Бұл заттар ауаға, суға және топыраққа түсуі мүмкін әрі олар организмде канцерогенді әсер көрсетуі ықтимал. Арал теңізінің экологиялық апаты Қазақстанның экологиялық мәселелерінің ең маңыздысы. Аралдың тартылуы мен тұзды шаңның атмосфераға таралуы, топырақтың тұздануы мен су көздерінің ластануы адамдардың денсаулығына зиянды әсер етіп, қатерлі ісіктердің даму мүмкіндігін арттыруы ықтимал. Арал теңізінің аймағында тұратын адамдар арасында респираторлық және жүрек- қан тамырлары аурулары, сондай-ақ қатерлі ісіктердің таралуы жиі кездеседі. Бұл аймақтың экологиялық жағдайы, әсіресе, өкпе мен асқазан қатерлі ісіктерінің пайда болу ықтималдығын арттырады.
Қазақстанның бірқатар аймақтарында радиациялық ластану деңгейі жоғары. Семей полигоны мен Көкшет ау облысындағы радиациялық сынақтар қатерлі ісіктердің дамуына себеп болуы мүмкін. 1949-1989 жылдар аралығында жүргізілген атом сынақтарының салдарынан радиацияның әсерінен зардап шеккен халық арасында түрлі қатерлі ісіктердің жиілігі жоғарылайды. Семей полигонындағы және басқа да ядролық сынақ алаңдарындағы радиация деңгейінің жоғары болуы тері қатерлі ісіктері, өкпе мен ішек обыры сияқты аурулардың пайда болуына себеп болғаны туралы деректер бар.
Ауыл шаруашылығында пестицидтер мен химиялық тыңайтқыштардың жиі қолданылуы да экологиялық проблемалардың бірі. Бұл химиялық заттар топыраққа және су көздеріне енеді, ал ұзақ уақыт бойы тұтынылған тағам арқылы адам ағзасына түсуі мүмкін. Пестицидтер мен басқа да агрохимикаттардың құрамында канцерогендер болуы мүмкін, олар адам ағзасында қатерлі ісіктердің дамуына ықпал етуі ықтимал.
Жылына бір рет Ұлттық ст атистика бюро сы демографиялық жылнамаларда халықтың экологиялық жағынан аса қолайсыз аймақтарындағы аурушаңдық деңгейі туралы ақпаратты жариялайды. Жинақты құрастырушылардың айтуынша, олардың қатарына «Семей ядролық сынақ полигонының экологиялық апат аймағы» ретінде Алматы, Шығыс Қазақстан облысы, «Арал өңірінің экологиялық апат аймағы» ретінде Қызылорда облысы кіреді. Сондай-ақ, Қарағанды облысы қоршаған ортаны ең көп ластайтын аймақтардың бірі ретінде атап өтілген. Бұл жақта Балқаш тау-кен металлургиялық комбинаты мен «Испат-Кармет» серіктестігі республикадағы жалпы ластану көлемінің үштен бірінен астамын құрап отыр. 2023 жылы аталған өңірлер арасында туберкулездің белсенді түрімен сырқаттанушылық көрсеткіші Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында республикалық деңгейден жоғары болды, бірақ тек ерлер арасында ғана. Осы өнеркәсіптік аймақт ардағы кейбір басқа аурулардың көрсеткіштері де Қазақстан Республикасы бойынша орташа деңгейден жоғары болды. Атап айтқанда, Алматы қаласында, сондай-ақ Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында қатерлі сырқаттанушылық көрсеткіштері жалпы республика бойынша айтарлықтай жоғарылаған. 2023 жылы республика бойынша онкологиялық аурулардың көрсеткіші 100 мың әйелге шаққанда 231,8 және 100 мың ер адамға шаққанда 184,3- ті құрады. Шығыс Қазақстан облысында бұл көрсеткіш екі есеге жуық жоғары болды: 100 мың әйелге 395,5 және 100 мың ер адамға шаққанда 339,9 адам.
Павлодар облысында (100 мың әйелге шаққанда 352,1 және 100 мың ер адамға 299,9) және Солтүстік Қазақстан облыстарында да (тиісінше 364,7 және 328,7) көрсеткіштер орташа деңгейден жоғары болды. Қатерлі ісікке шалдығудың ең аз көрсеткіші Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстарында сондай-ақ Шымкентте тіркеліп отыр.
Желтоқс ан айының басында Алматы ресми түрде әлемдегі ең лас ірі қалалардың онлайн рейтингіне енгені белгілі болды. IQAir халықаралық компаниясы жүргізген зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанның оңтүстік астанасы экологиялық жағынан ең қолайсыз ірі қалалардың ондығында бесінші орын алды. Көшбасшыларға қарсы үздік бестікке Бангладеш астанасы Дакка, Ташкент, Мумбай және Бішкек кірді. Алматыда Өскемендегі немесе Қарағанды облысындағыдай қара немесе түсті металлургия өндірілетін ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардың жоқтығына қарамастан, елдің ең көп қоныстанған мегаполисі өзінің географиялық орналасуына байланысты ластанған қалалардың антирейтингінде көш бастап тұр.
Жамбыл облысында да адам денсаулығына кері әсер ететін экологиялық факторлар бар. Аймақтың экологиясы, әсіресе өндірістік қызметтер мен табиғи жағдайлардың әсерінен, әртүрлі экологиялық мәселелермен бетпе- бет келеді. Өңір индустриалды аймақ болып саналады. Мұнда металлургия, химия және құрылыс салалары дамыған. Бұл салалардан шыққан зиянды газдар мен бөлшектер, әсіресе Тараз қаласында, ауаның ластануына алып келеді. Әсіресе, «Қазфосфат» қалдықтары өңірдің басты экологиялық мәселесіне айналған. Жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында аталған мәселеге байланысты қойылған сауалға жауап берген болатын. Аймақ басшысының айтуынша, «Минералды тынайтқыштар зауытына» тиесілі аймақта 17 миллион тоннадан аса фосфогипс үйіндісі жиналған. Бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Журналист сауалына Ербол Шырақпайұлы: «Биыл кәсіпорын басшылығымен қалдықты одан әрі биіктетпеу керектігі жөнінде келісімге келгенбіз. Сондай-ақ, Жамбыл ауданынан 51 гектар қосымша жер бөлу, қалдықтарды сол жаққа тасымалдау бойынша тапсырма берілген болатын. Қазірге дейін кәсіпорын жаңа аймаққа 500 мың тонна фосфогипс үйіндісін төкті. Енді «Тау-тау болып үйілген 17 миллион тонна қоқысты қайда жаратамыз?» деген орынды сұрақ туындайды. Мұның нақты екі жолы бар. Біріншісі – фосфогипс үйіндісін қоршау. Алайда төбесін жабу, айналасын қоршауға көп қаржы керек, былайша айтсақ, қаржылық тұрғыдан тиімсіз. Екінші шешімі қалдықтарды кәдеге жарата алатын заманауи технология әкелу. Қалдықтарды егін шаруашылығына қолдануға болады. Сондықтан, фосфогипс қалдықтарын әзірге тыңайтқыш ретінде пайдалана тұрудан басқа шара жоқ», – деп жауап берген еді. Мұнымен қоса өңірде қоқыстарды қайта өңдейтін зауыт қажет. Жер-жердегі қоқыс үйінділерінен стихиялық полигондар пайда болып, экология департаменті жиі-жиі рейд өткізіп тұратынына куәміз. Бұл ретте Тараз қаласында қоқыстарды қайта өңдейтін зауыттың құрылысы алдағы жылға жоспарланған. Расында өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының шығаратын түтіндері мен газдары (азот оксидтері, күкірт оксидтері, көміртек оксидтері) ауаға таралып, тұрғындардың тыныс алу жолдарына теріс әсер етуі мүмкін. Бұл ластану өкпе, бронхит, астма, сондай-ақ өкпе қатерлі ісіктері сияқты аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Жамбыл облысының ауыл шаруашылығы да экологияға әсер етеді. Әсіресе, пестицидтер мен тыңайтқыштарды кеңінен қолдану, сондай-ақ суармалы жерлерде пайдаланылатын химикаттар топырақ пен суға енеді. Бұл заттар ағзаға түрлі жолдармен (ауыз суы, тамақ өнімдері арқылы) кіріп, онкологиялық аурулардың пайда болуына әсер етуі мүмкін. Ал, жалпы алғанда Қазақстанда экологиялық мәселелерді реттеу және экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында бірнеше мемлекеттік және қоғамдық шаралар жүзеге асырылуда. Бұл шаралар қоршаған ортаға зиянды әсерлерді азайтуға, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және халықтың денсаулығын қорғауға бағытталған. экологиялық мәселелерді реттеу үшін бірнеше заңдар мен нормативтік-құқықтық актілер қабылданған. Олардың ішінде ең маңыздысы 1997 жылы қабылданғанған қоршаған ортаны қорғау туралы заң қоршаған ортаны қорғаудың негізгі ережелерін, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын және табиғатты пайдалану құқықтарын белгілейді. Ал, 2014 жылы заңды күшіне енген экологиялық кодекс қоршаған ортаға әсерді төмендету, экологиялық зиянды азайту және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында әзірленген. Сонымен қатар, «Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану» бағдарламасы – табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, оларды қайта қалпына келтіру және экологиялық таза технологияларды енгізу бойынша нақты шараларды қамтиды.
Бұдан бөлек, экологиялық мониторинг және бақылау жүйесін дамытуға көп көңіл бөлінуде. Бұл шаралар экологиялық жағдайды үнемі бақылап отыруды және экологиялық құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтауды қамтамасыз етеді. Қазақстанның экологиялық мониторинг жүйесі экологиялық жағдайды, ауаның, судың, топырақтың ластану деңгейін және басқа да экологиялық параметрлерді бақылауға арналған. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар экологиялық жағдайды бақылау үшін арнайы құрылымдар құрып, экологиялық бақылауды күшейтуде. Мысалы, ауа сапасын бақылау жүйесі, су ресурстарын қорғау және табиғи ресурстардың тиімді пайдаланылуын қадағалау. Сонымен қатар, экологиялық мәселелерге қатысты халықтың білім деңгейін көтеру мақсатында экологиялық білім беру және ақпараттандыру жұмыстары жүргізілуде. 2013 жылы қабылданған «Жасыл экономика» бағдарламасы экологиялық білім беру, табиғи ресурстарды сақтап қалу және экологиялық таза технологияларды дамытуға арналған. Бағдарлама аясында түрлі экологиялық акциялар мен науқандар өткізілуде. Бұдан бөлек, мектептерде, университеттерде экологиялық сауаттылықты арттыру мақсатында түрлі ақпараттық компаниялар мен экологиялық фестивальдер ұйымдастырылады.
Мұнымен қо с а Қазақст анда «жасыл экономика» моделіне көшу бойынша нақты қадамдар жасалуда. Бұл – экологиялық таза және тиімді технологияларды енгізу, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту арқылы жүзеге асырылады. Қалдықтарды басқару – қалдықтарды қайта өңдеу мен жою бойынша арнайы шаралар енгізіліп, қалдықтарды көптеп жинау және өңдеу жүйесі қалыптастырылды. Қалдықтарды қайта өңдеу зауыттары мен жасыл технологияларды енгізу жобалары бойынша жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, жаңартылатын энергия көздерін (күн, жел, гидроэнергия) дамытуға ерекше көңіл бөледі. Мысалы, «Жаңартылатын энергия көздерінің даму жоспары» 2030 жылға дейін жұмыс істейді. Бұл жоспар аясында Қазақстанда жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру, энергия тұтынуды тиімді ету бойынша шаралар қабылдануда. Ауаның ластануын азайту үшін де нақты шаралар қабылданған. Бұл шаралар атмосфераға зиянды заттардың шығарылуын бақылауды күшейту және көлік пен өнеркәсіп секторында экологиялық стандарттарды енгізуді қамтиды. Автокөліктердің шығарындыларына экологиялық талаптар қойылып, ескі көліктерді экологиялық талаптарға сәйкестендіру талаптары енгізілген. Экологиялық стандарттарды енгізу арқылы кәсіпорындардан шығарылатын зиянды газдардың көлемін азайтуға бағытталған шаралар да қабылданып отырады. Сонымен қатар, су және жер ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында да кешенді шаралар жолға қойылып келеді.
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ