Сәуір айында Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Жамбыл облысы бойынша өкіліне «Мүгедек жастар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі, Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Жамбыл облысы бойынша өкілдігі жанындағы Сараптамалық кеңестің мүшесі Әйгерім Дәулетбаевадан Тараз қаласындағы М.Х. Дулати атындағы университетте білім алып жатқан 148 мүгедектігі бар студенттің құқықтарының бұзылуына қатысты өтініш келіп түсті.
Аталған жағдай өкілдік жанындағы Сараптамалық кеңестің отырысында жедел қаралып, нәтижесінде Уәкілдің өкілі университет басшылығымен кездесу бастамасын көтерді. Ректор, проректорлар, студенттердің ата-аналары және азаматтық қоғам өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген форматтағы диалог өтті.
Талқылау нәтижесінде бірқатар шешімдер қабылданды: мүгедектігі бар студенттерге арналған QR-тіркеу талабы алынып тасталды, емтихандар инклюзивті білім беру орталығының жағдайында өткізіледі, «Платонус» жүйесіндегі студенттердің деректері тексеріліп, түзетіледі, сондай-ақ Инклюзивті білім беру орталығының жұмысы күшейтіледі. Бұдан бөлек, енді студенттердің барлық өтініштері салалық үйлестірушінің қатысуымен деканат деңгейінде қаралатын болады.
Уәкіл өкілінің атқарған жұмысы Халықаралық мүгедектер құқығы үшін күрес күніне арналған іс-шара аясында жоғары қоғамдық бағасын алды. Бұл жағдай мемлекет, қоғам және білім беру мекемесі арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігі мен сындарлы диалогтың үлгісі ретінде көрсетілді.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл