Дін және зайырлылық
Қазақстан Республикасы 1991 жылы тәуелсіздігін алып, шекарасын көрші елдермен заңдастырып, экономикалық құлдыраған елдің әлауқатын жақсарту және дамыған 50 елдің қатарына қосылу мақсатында, өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекет деп жариялады. Зайырлы басқару моделі қазақ елін аз уақыттың ішінде дүниежүзілік экономикалық форумда әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарында екендігін көрсетті. Бұл Отанымыз үшін үлкен жетістік зайырлылық басқару жүйесінің арқасында екенін ұмытпаған жөн.
Зайырлылық дегеніміз атейістік яғни құдайсыз мемлекет деген сөз емес. Зайырлылық деген дүниеге шыр етіп келген бала қандай еркін болса, сол секілді Қазақстанда тату тәтті өмір сүріп жатқан 130-дан астам этностар қандай дінді ұстануы немесе ұстанбауы өз еркінде деген сөз. Яғни, біздің елде діни сенім бостандығына кепілдік беріледі. Қазақстанда халықтың көпшілігі ұстанатын дін ислам болғандықтан, зайырлылық принципке байланысты Алла Тағала Бақара сүресінің 256 аятында «Дінде зорлық жоқ» және Кәф сүресінің 29 аятында «Бұл ақиқат Раббыларыңнан де. Сонда қаласа ғана сенсін, қаламағаны қарсы келсін» — деп дәстүрлі діни танымның зайырлылық қағидаларымен ұштасатынын аңғаруға болады.
Біз көпэтносты, көпдінді мемлекет болғандықтан діни плюрализмнің (пікір алуандығы) болатыны заңды құбылыс. Христиан, ислам, буддизм діндерінің кітаптары, діни жоралғылары, діни мейрамдары мен сенімдері әртүрлі болып келеді. Бірақ, бұл ерекшеліктер дінаралық, этносаралық қақтығысқа апармауы тиіс. Себебі ортағасырдағы ғалымдар ондай мәселелердің шешімін тауып жазып кеткен. Тек осы мәселеде түсінбей жүрген жастарға түсіндіріп көкейлеріне сіңіру керек. Жоғарыда аталған діндердің бір ауыздан келісетін құндылықтарының бірі адамның өмірі, денсаулығы, сенім бостандығы және еркіндігі. Ғұлама ойшыл Шәкәрім «Бұл кездегі діндердің бәрі нашар» деген өлеңінде:
«Дін адамды бір бауыр қылмақ еді,
Оны бөліп, дұшпандық қару жасар.
«Інжіл», «Құран» бәрі айтып тұрса-дағы,
Адасып ардан күсіп, қара басар, – деп діншілдіктің өлшемі мейірімділік пен татулық екенін айтқан.
Сол сепбепті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда берген сұхбатында «Қазақ ешқашан дінінен айрылып көрген емес. Қаншама азаматтарды – білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Осының барлығы дұрыс қой, дініміз де, дәстүріміз де қазаққа керек, әрине. Дегенмен, тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болуда. Мысалы, бір мұсылманның ішінен сүннит пен шиит болып бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар қаншама? Бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып жатқан католиктер қаншама? Сондықтан біз абайлауымыз керек. Біздің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн. Біздің дініміз – өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады» — деп дәстүрлі діндерді және өзге ұлттардың барлығын құрметтеу адами қасиет екенін айтты.
Сонымен қоса Елбасымыз «Дінге бас ұрып жүріп, біз оның теріс жағына түсіп кетпеуіміз керек. Бізге зиян келтіретін дін ағымдары бар. Қан төгіп, соғыспен, дінмен мемлекет орнатып, мемлекеттік дін жасаймыз деп жүргендер бар» — деп ата-бабаларымыздан қалған салт-дәстүрге, зайырлылық құндылықтарға, Ата Заңымызға қарсы шығып шатасып жүрген азаматтардың бар екенін айтты.
Шын мәнінде Ата Заңымыз дінге қарама-қайшы ма? деген сұрақ бәрімізді мазалайтыны шындық. Қазақстан Республикасының Заңының 3-бабының 3 тармағында Қазақстан Республикасында билікті ешкім де иемденіп кете алмайды. Билікті иемденіп кетушілік заң бойынша қудаланады – делінген.
Ал, халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. Осы заңға сәйкес қазақ елінде тұрып жатқан халықтар заңға бағынуы міндетті. Себебі халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы: «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» — деген.
Басшыға бағынуға байланыста Құран Кәрімде «Ей, мүміндер! Сендер Аллаға бойұсыныңдар, пайғамбарға бойұсыныңдар, әрі өздеріңнен болған әмір иелеріне де. Егер, бір нәрсе үстінде талас-тартыста қалсаңдар, Аллаға және пайғамбарға жүгініңдер. Егер сендер Аллаға, ақырет күніне сенетін болсаңдар, осылай істеу әрі қайырлы, әрі жақсы нәтижелі болмақ» — деп Ниса сүресінің 59-аятында ел билігі тізгінін ұстаған тұлғаларға бойұсыну Алланың үкімі екені айтылған. Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген мына хадис-шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім маған бойұсынса, ол Аллаға бойұсыныпты. Кім маған бойұсынбаса, ол Аллаға бойұсынбапты. Кім басшыға бағынса, ол маған бағынғаны. Кім басшыға бағынбаса, ол маған бағынбағаны» — деген. (әл-Бұхари және Мүслім).
Дегенмен де, жоғарыда аталған діни мәтіндерден дәлел келтіргеннің өзінде, «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ…» — делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын басшылыққа алып отырып, радикалды топтағы адамдар ел басқарып отырған тұлғаларға қарсы шығуға үндейді. Негізінде бұл аят Хазіреті Әлидің ел басқарып тұрған кезінде билігінен мін іздеумен болған хауариждер деген діни ағым өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырмақ болып, ел басшылығына бағынбайтындықтарын айтады. Сол кезде хазіреті Әли: «Ия, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын яки тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет» — деп бұл аяттың түп мағынасы елге түсіндіріліп, хауариж ағымының теріс пиғылын әшкерелеген. Сол себепті Ата-бабаларымыз заңға бағыну Аллаға бағыну және «Таспен ұрғанды аспен ұр» — деп өзге ұлттарды дініне, нәсіліне, жынысына қарамастан көмек беріп бауырына басқан. Бұл дегеніміз кең байтақ жерімізде зайырлылықтың, гумманизмнің қағидалары болғанын аңғаруға болады. Өскелен ұрпаққа қазақ халқының діни танымын түсіндіріп демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетте өмір сүру заман талабы екенін жеткізуіміз керек.
Жамбыл облысы әкімдігі «Дін проблемаларын зерттеу орталығының» бөлім басшысы
Ерзат Жақыпов