Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің депутаттары Жамбыл облысында болып, бизнес өкілдерімен кездесті. Жүздесуге қатысушылар өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері және оны шешу жолдарын талқылады.
Депутаттар облыс кәсіпкерлерін толғандырған тақырып Парламент Сенатында өткен өңдеу өнеркәсібі туралы парламенттік тыңдауда қаралған мәселелермен сабақтас екенін атап өтті. Онда отандық шикізаттың өндірістегі тапшылығы, газ бен электр энергиясының жетіспеушілігі, жабдықтардың тозуы, қаржы ресурстарына қол жеткізудегі қиындықтар және мемлекеттік қолдау шараларының жеткіліксіздігі туралы айтылды.
Парламентшілер сонымен қатар кездесу барысында көтерілген мәселелер назарда болатынын және депутаттардың бұдан былайғы заң шығару қызметінде ескерілетінін атап өтті.
Депутаттар сондай-ақ «Еврохим» минералды-химия кешенінде, «Қазфосфат» минералды тыңайтқыш шығаратын, «Talas investment company» натрий цианидін өндіретін, Жамбыл «Имсталькон» металл конструкциясы» зауыттарында және «Тараз былғары аяқ киім» кәсіпорнында болды.
Сенаттың баспасөз қызметі