Бүгін Жамбыл облыстық қазақ драма театрының ғимаратында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін талқылау бойынша облыстық актив жиыны өтті. Активке басқарма басшылары, құқық қорғау органдарының басшылары, жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп директорлары мен қала тұрғындары қатысты. Облыс әкімі Асқар Мырзахметов ашып берген жиында Елбасы ұсынған бес мәселе бойынша сөз қозғалып, баяндамалар оқылды.
— «Қазіргі кезеңде Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие», «Дефектология», «Спорт және дене тәрбиесі», «Кәсіптік білім беру», «Дизайн» сынды 5 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесі жүзеге асырылуда. Студенттерді дайындаудың теориялық курсы мен практикалық сабақтарының пайыздық көрсеткіші 40:60-ты құрайды. Барлық практикалық сабақтар қаладағы 40-қа жуық мекемелер базасында («Тараз-Арена» спорт сарайы, «Аспара» колледжі, «Асыл Дизайн» сән үйі, бала бақшалар, ресурстық, балалардың шығармашылық даму орталықтары) өтеді. Университеттегі дуалды оқыту жүйесінің ерекшеліктері студенттердің арнайы пәндерді өндірістік тәжірибе базаларында тәжірибелі маман-практиктердің қатысуымен үйренуі болып табылады. ТарМПУ-да 460 орындық 5 қабатты бір «Студенттер үйі» бар. Онда 460 студент орналасқан. Өзіңізге белгілі, жатақхана орнына мұқтаж студенттер саны – 780-ді құрап отыр. Ол жылдан-жылға студенттердің контингентінің артуына байланысты. Қазіргі уақытта 400 орындық жатақхана құрылысының жобалық сметалық құжаты дайын. Қаржыландыру мәселесіне орай ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп шешу үшін ауқымды жұмыстар атқарудамыз» — деді Дария Пернешқызы.
TURANINFO.KZ