Мұндай деректерді Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинге Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Жамила Бекбатырова айтты. Жамила Елеуқызының айтуынша, ҰБТ жаңа форматы 2 блоктан тұрады: 3 міндетті пән (математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (қорыта білу, салыстыра білу, т.б. «Қазақстан тарихы») бойынша 20 тапсырма және 2 бейінді пәннен («Математика» + «Физика», «Математика» + «География», «Биология» + «Химия», «Биология» + «География», «Шет тілі» + «Тарих», оқыту тілі (қазақ немесе орыс) және әдебиет + «Тарих», «География» + «Шет тілі», «Химия» + «Физика», «Тарих» + «Адам.Қоғам.Заң», шығармашылық экзамен) – 30 тапсырма.
Сауаттылық бойынша тапсырма оқу арқылы талапкердің жалпылау, салыстыру, тұжырымдау және т.б. дағдыларын тексеруге бағытталған. Сауаттылықты тексеруге арналған тапсырмалардың ҰБТ-ге енгізілу себебі — студенттік оқуда түрлі ақпарат көздерімен жұмыс істеп, оларды сараптауға, алынған ақпараттарды салыстыруға және тұжырымдауға тура келеді. Демек, бұл дағдылар мектеп түлегінің алдағы білім алу барысында өте қажет болады.
Бейінді пәндер бойынша тапсырмалар ұсынылған бес жауаптың ішінен тек жалғыз дұрыс жауабы бар 20 сұрақтан, сондай-ақ, көп жауаптың ішінен бірнеше дұрыс жауаптары бар 10 сұрақтан құралады. Бейінді пәндер бойынша тестілеу барысында бірнеше дұрыс жауаптары бар сұрақтарды енгізу арқылы талапкерлердің нақты тақырыпты қаншалықты меңгергендері анық көрінеді. Сонымен қатар, бірнеше жауап варианттары бар тесттер жауаптарды тек жаттап алып, немесе болжау арқылы беруге тосқауыл болады.
Жалпы 120 сұрақ қойылады. Тестілеуге бөлінген уақыт 3 сағат 30 минутты құрайды. ЖОО-на түсу үшін бағаның ең төменгі шегі өзгеріссіз – 50 балл деңгейінде қалдырылды. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл (бейінді пәндер бойынша берілген дұрыс жауаптар есебінен). Тестілеуге қатысуға ниет білдіргендердің өтінімдері 10 наурыздан 10 мамырға дейін қабылданады. ҰБТ өткізілу мерзімі – 20 маусымнан 1 шілдеге дейінгі аралық. ҰБТ-ді ақылы негізде тапсыру мүмкіндіктері де сақталып отыр – олар 2017 жылдың тамыз айы мен 2018 жылдың қаңтарында өткізіледі. ҰБТ барысында сыналатын барлық пәндер бойынша тапсырмалар үлгілері желтоқсан айында Ұлттық тестілеу орталығы мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің сайттарында жарияланады.
«Алтын белгі» иегерлері, жалпы білімдік пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадаларының, сондай-ақ ғылыми жобалардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары ҰБТ жалпыға бірдей негізде тапсырады. Алайда, тапсырған ест нәтижелері аталған жетістіктері жоқ талапкерлердің көрсеткіштерімен бірдей болған жағдайда, гранттарды бөлу кезінде олар басымдыққа ие болады, — деп брифинг барысында тың ақпараттарымен бөлісті облысы әкімдігінің білім басқармасы басшысының орынбасары Ж.Бекбатырова.