Болашаққа қарай бағдары айқын бірлестік
«Қазақстанның болашағы үшін» жастар қоғамдық бірлестігі өз жұмысын осыдан 16 жыл бұрын 2001 жылы бастаған. Алғашқы төрағасы бүгінгі таңда Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде табанды түрде ұстаздық қызмет етіп, маман тәрбиелеп жүрген Сұлтан Алибаев есімді азамат болды. Қазіргі таңда ұйымның тізгінін облысымыздағы белсенді жастардың бірі Ғабиден Исатай алып жүр.
Ұйым ашудағы ең бірінші мақсат жастар мен студенттерді Елбасының сайлау алды бағдарламасына біріктіру болатын. Ал бүгінгі күні ұйым үкіметтік емес ұйымдарға берілетін әлеуметтік жобалар арқылы жастар саясатында жемісті жұмыс жасап келеді. Мұнан бөлек бірлестік мүшелері мемлекетіміздің әлеуметтік қоғамдық саяси жұмыстарына белсене атсалысады. Ең негізгі мақсаты – жастар мен студенттердің қоғамдағы белсенділігін арттыру болып табылады, олардың жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру болып табылады.
Соңғы 5 жылда атқарылған жұмыстардың көбісі бұқаралық спортты насихаттау жолында спорт басқармасымен бірігіп орындалды. Және де ұйым осы уақыт ішінде Жамбыл облысы әкімдігінің жастар және ішкі саясат басқармаларымен, қақалық ішкі саясат бөлімімен тығыз байланыста үлкен белестерге жетті. Әсіресе ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай үлкен жобалар ұйымдастырып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижелер көрсетті. Тағы да атқарылған үлкен жұмыстардың қатарында Жуалы және Меркі аудандарының ішкі саясат бөлімдерімен көп ұлтты мемлекетіміздің бір ту астындағы ауызбіршілігін насихаттау мақсатында қоғамдағы ұлтаралық, этникааралық келісімді нығайту жолында үлкен жобалар жүзеге асырылды.
Келелі істер мен мазмұнды жобалардың бастау көзіне айналған бірлестіктің алға қойған мақсаты айқын. Қазақстанның болашағын жарқын ету жолында ұлт денсаулығын нығайту үшін «Қазақстанның болашағы үшін» қоғамдық бірлестігі Жамбыл облысы әкімдігінің спорт басқармасымен тығыз іскерлік қарым қатынас жасап, жұмысты жүйелі түрде жоғары дәрежеге жеткізуді көздеп отыр. Ендеше ұйым төрағасы Ғабиден Исатай мен оның командасына үлкен белестерді бағындыра жолда табандылық пен мол парасат тілейміз.
TURANINFO.KZ