Апта соңы Бердібек Сапарбаев Жамбыл және Шу аударындағы бірқатар туристік нысандарды аралап, одан әрі жұмыс сапарымен Қордай ауданына ат басын бұрды.
Аймақ басшысы алдымен Жамбыл ауданы аумағында орналасқан Ақыртас кешеніне тоқтады. Мемлекеттің қорғауына алынған туристік нысанды жергілікті билік келушілерге қолжетімді ету үшін бірқатар жұмыстар жүргізуде. Бүгінде негізгі автомагистральдан нысанға асфальт жол тартылған десек, инфрақұрылымға қатысты басқа да мәселелер шешімін табуда. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Нұрлан Бықыбаев және оның орынбасары Анна Крокошева облыс әкіміне кешеннің тарихы туралы баяндап, оның туристік тартымдылығын арттыру бойынша кейбір мәселелерді атап өтті. Солардың бірі – Ақыртас тарихи-мәдени кешенін сумен қамтамасыз ету. Нұрлан Бықыбаевтың айтуынша, бұл мәселені тау бұлақтарын пайдалану арқылы шешуге болады. Тиісті жоба әзірленген, тек қаржыландыру қажет.
Бердібек Сапарбаев бұл жобаны қолдайтындығын білдіріп, тек оны алдымен жан-жақты қарастырып, егжей-тегжейлі нақтылаудың маңыздылығын алға тартты.
Бұдан соң облыс әкімі жолай ежелгі Ақтөбе (Баласағұн) қалашығына арнайы бұрылды. Шу ауданы аумағында орналасқан бұл нысанды зерттеу жұмыстары бірнеше жылдан бері жүргізілуде. Бірақ қазір ол жұмыстар коронавирусқа байланысты уақытша тоқтап тұр. Сала мамандары археологиялық қазба жұмыстары міндетті түрде жалғасады деп сендірді. Мұндағы басты мәселеленің бірі – қалашыққа апарар жақсы жолдың жоқтығы.
Бердібек Сапарбаев Қордай ауданының әкімі Рүстем Дәулетпен бірге Қордай ауданының Гвардейск кентіндегі биофармацевтикалық зауытқа барып, ондағы жұмыстармен танысты. Ғылыми-зерттеу кешенінде кезекті штаб отырысы өтіп, маңызды міндеттер талқыланды. Басқосуда зауыт жұмысшылары үшін салынып жатқан тұрғын үй құрылысының қарқынын арттыру жайы да назарға алынды. Қазіргі уақытта ғылыми мекемеге іргелес аумақта үш көппәтерлі тұрғын үй салынуда. Мердігер – «БазисДорСтрой» ЖШС.
Құрылысшылардың айтуынша, алғашқы 60 пәтерлі үй аяқталуға жақын. Алдағы екі айда ол пайдалануға берілмек. «Агроспецстрой» ЖШС салып жатқан қалған екі үйді ағымдағы жылдың қазан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай аймақ басшысы Отардағы Серік Ермеков басқаратын «Сұлу Төре» шаруа қожалығының егістік алқабына барды. Шаруа қожалық – Қордай ауданының ірі агроқұрылымдарының бірі. Осыдан бес жыл бұрын құрылған қожалық негізінен егістікке маманданған. Бүгінде құрамында 70 адамға дейін еңбек ететін шаруашылықтың өз комбайн және тракторларынан тұратын ауқымды техникалық паркі жасақталған. Мұнда қазір заманауи су үнемдеу технологиялары іске қосылуда. Ағымдағы жылы шаруашылық екі жаңбырлатқыш қондырғы сатып алып, 200 гектар арпа алқабын суаруда.
Бердібек Сапарбаев шаруашылық жұмысы туралы оң бағасын білдіріп, аудан әкімі Рүстем Дәулетке егін шаруашылығына жаңа технологияларды кеңінен енгізуді, жұмыс істеуге ниетті шаруаларға қолдау көрсетуді тапсырды.
Қордай ауданынан жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Ешкілі-Қордай су қоймасына да арнайы ат басын бұрды. Бір жарым текше миллион тоннаға дейін су жинауға қауқарлы қойманың Кенен ауылының тұрғындарының үй іргесіндегі жерлерін сумен қамтудағы маңызы зор. Өткен жылы жұмыспен қамтудың жол картасы аясында мұнда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нақтырақ айтсақ, құбырлар ауыстырылып, бөгет пен жағалаулары қосымша нығайтылған.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі