Тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын медиация дауды реттеудің қолайлы рәсімі болып саналады. Өткенге сәл шегініс жасасақ, 2011 жылы 28 қаңтарда «Медиация туралы» заң қабылданды. Сол уақыттан бері бұл институт баршаның оң көзқарасына ие болып үлгерді. Оның бір себебі аталмыш рәсімнің қазақ халқына ертеден таныс екендігінде болса керек. Ендеше, медиация – ескі дәстүрдің қайта жаңғыруы деуге толық негіз бар.
Медиация рәсімінің сот жұмысына да берер пайдасы өте көп. Татуластыру рәсімдері сотта қаралатын істердің санын, судьялардың жүктемесін, ең ақырында дауласып келген тараптардың шығынын азайтады. Бұл институт бойынша «Медиация туралы» заңның талаптарына сәйкес, дауды реттеу рәсімін кәсіби және кәсіби емес медиатор жүргізеді. Ол дауды реттеу үшін іске тараптар тартатын тәуелсіз жеке тұлға.
Аталмыш институт дауды шешудің екі тарапты да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізуді және тараптардың дауласушылық деңгейін төмендетуді көздейді. Сондай-ақ, медиация еріктілік, тараптардың теңқұқылығы, медиатордың тәуелсіздігі мен бейтараптығы, медиация рәсіміне араласуға жол бермеу, құпиялылық қағидалары негізінде жүзеге асырылады.
Өткенге үңілсек, бітімгершілік ата-бабамыздың тарихында болған. Ілгеріректе ел ішіндегі дау-дамайлар билердің әділ шешімі арқасында екі жақтың бейбіт келісімге келуімен шешіліп отырған. Сондықтан, қалай десек те, медиацияның артықшылығы көп. Әрине, өмір болған соң қоғамда азаматтар арасында сан түрлі келіспеушіліктер, даулы мәселелер туындамай тұрмайтыны ақиқат. Осындай мәселелерді шешуде кәсіби медиаторлардың қызметіне жүгінген жөн.
Көне институтты жаңғыртуда басты негіз болып саналатын «Медиация туралы» заңға келсек, бұл құжат республикада медиацияны ұйымдастыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиаторлардың мәртебесін айқындайды. Медиация тәсілі сот жүйесіндегі тазалықты, әділ төрелікті қамтамасыз етудің бірден-бір жолы болмақ, яғни ол тараптарды қанағаттандыру негізінде жүргізілетін келіссөз рәсімі. Тіпті, бұл сөздің мағынасының өзін екі жақты татуластыру рәсімі деп түсіндірсе артықтық етпейді.
Жаңа институттың басты артықшылығы да сол, оның қызметі кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін анықтауға емес, өзара тиімді шешімді табуға бағытталған. Яғни, жанжалдасушы тараптар сотқа дейін де, сот барысында да кәсіби медиаторға жүгінеді. Ол дауды тыңдаған соң тиімді шешімді ұсынады.
Ал, медиатор қызметі кәсіби және кәсіби емес негіздерде жүзеге асырылады. Жоғары білімі бар, 25 жасқа жеткен Қазақстан Республикасының Медиаторлар ассоциациясында /одағынан/ арнайы оқығанын растайтын сертификаты бар тұлғалар кәсіби медиатор бола алады. Ал, кәсіби емес медиатор болуға 40 жасқа толған азаматтар құқылы. Кәсіби бітімгерлердің тізімін Ассоциация жасаса, кәсіби емес медиатор болғысы келетіндер тұрғындар жиыны хаттамасының негізінде жергілікті атқару орындарына келуі тиіс. Әрине, мұндай адамдар халық алдында биік беделге ие болуы тиіс. Ескерте кететіні, мемлекеттік қызметкерлер, тергеуге алынған қабілеті жоқ адамдар, сондай-ақ жазасы өтелмеген немесе сотталғаны кешірілмеген тұлғалар медиатор бола алмайды.
Медиация туралы келісімге қол жеткізгеннен кейін, егер іс сотта қаралса, ол сотта бейбіт келісім секілді мақұлданады. Дауласушы тараптар медиация туралы келісімшарт және сотқа дейінгі тәртіппен жанжалды реттеу туралы келісім жасаған жағдайда, бұл дауласушы тараптар оны ерікті түрле орындауға міндеттелетінін білдіреді. Ауыр емес және орташа ауырлықтағы қылмыстар бойынша жәбірленуші тарапқа келген залалдың орнын толтыру және оларды татуластыру арқылы реттеу туралы келісім жасау әрі қарай қылмыстық қудалауды тоқтататын жағдай болып табылады, яғни, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 68-бабы бойынша іс тоқтатылады.
Медиацияны жүргізуге байланысты шығыстар мыналарды қамтиды, яғни, медиаторға сыйақы төлеу, медиацияны жүргізуге байланысты медиаторға келген шығыстар, оның ішінде дау қаралатын жерге жол жүру ақысын төлеуге, қонақүйге тұруға және тамақтануға арналған шығыстар. Кәсіби медиаторлар медиацияны ақылы да, тегін негізде де жүзеге асырады. Кәсіпқой медиатор сыйақысының мөлшері медиация басталғанға дейін тараптардың келсімі бойынша айқындалады. Егер тараптардың келісімімен өзгеше белгіленбесе, медиацияны жүргізуге байланысты шығыстарды тараптар бірлесіп тең үлестермен төлейді.
Медиатор – бұл бітімгер. Қазақ халқының ұлттық болмысына ең жақын ұғым. Түрмесі болмаған іргесі берік қазақ қоғамында небір даулы мәселелерді екі ауыз сөзбен шешкен дуалы ауыз билер болғанын тарихтан жақсы білеміз. Ендеше, сот жүйесіне бітімгерлік тәсілін енгізу қазақ халқының бүкіл әлемге үлгі етерлік шешендігі мен көсемдігін жаңғыртуға жасалған игі қадамы деп білеміз.
Райхан Ратова, Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кеңсесінің бас маманы