Салтанат Нүкенованың өлімі бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжановқа сот үкімі шықты.
Қуандық Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов сот үкімімен 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкімді судья Айжан Құлбаева жариялады.
Алғашында Бақытжан Байжанов Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша қылмыс жасады деп айыпталған болатын: 432-бап «ауа ауыр қылмысты жасырып қалу» және 434-бап «аса ауыр қылмысты хабарламау».
Кейін айыптаушы тарап Бақытжан Байжановқа қатысты қылмысты хабарламау туралы айыптан бас тартты.
Айта кетейік, 3 сәуірде Қуандық Бишімбаев ісі бойынша айыпталушы Бақытжан Байжановтың әйелі сотта алғаш рет сөз сөйледі. Байжановтың әйелі Салтанат Нүкенованың ата-анасы мен бауырларынан кешірім сұрады.
Артынша сот жарыссөзінде әйелін өлтірді деп айыпталып отырған экс-министр Қуандық Бишімбаев сөз алды.
«Болған оқиғаға кінәлімін… Қатты өкінемін, өте қатты өкінемін. Құдайдан күн сайын кешірім сұраймын. …Мені бұл қайғыны сезінбейтін, жүрегі жоқ адам деп жатыр. Мені Салтанатты жамандады деп те айыптады. Бірақ мен өзім білетін шындықты айтуыма тура келді», — деді ол.
2 сәуірде өткен жарыссөздерде тараптар сөз сөйлей бастады. Ең алғашқы сөз кезегі мемлекеттік айыптаушыларға берілді.
Прокурор Айжан Аймағанова «бұл іс — тұрмыстық зорлықтың жарқын мысалы» екенін айтты. Сонымен қатар, прокурор Нүкенованың өліміне себеп болған қан ісігінің мөлшері қандай болғанын көрсетті.
Одан бөлек, Айжан Аймағанова экс-министр Бишімбаев ісі бойынша екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов қулыққа басқанын айтты.