Былтыр наурыз айында еліміздің Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуі жариялан болатын. Осыған байланысты ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» (CISC) коммерциялық емес акционерлік қоғамының гранттық қаржыландыру аясындағы «Бес әлеуметтік бастаманы іске асыру бойынша «Азаматтық бақылау» қоғамдық мониторингі» атты жоба қолға алынған еді. Республикамызда мұны «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі жүзеге асырып келеді. Халықты толғандырған өзекті мәселелерді анықтап, шешуге байланысты өңірлерде мемлекеттік органдардың қызметіне мониторинг жүргізу арқылы жұмысты ұйымдастыру, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға бағытталған жоба қорытындысы ретінде бірлестік Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыстық тәжірибелік конференция ұйымдастырды. Сонымен, арадағы бір жарым жылда қандай өзгерістер болды? Нендей жұмыстар атқарылыпты? Алқалы жиында осы сұрақтарға жауап алғандай болдық.
«Бақытты отбасы» несиелік тарихқа қарамайды
«Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты Үндеудің бірінші бастамасына қатысты баяндама жасаған Тараз қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Диля Соқжанова: «Бүгінгі күнде мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезек тізімінде 18399 азамат тіркеуде тұр. Жыл басынан бері осындай 140 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
«7-20-25» бағдарламасы аясында «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» акционерлік қоғамы былтыр «Арай-2» шағын ауданындағы 6 үйден қалған 102 пәтер мен Сүлеймен көшесінің соңынан салынған 15-шағын аудандағы 9 үйдің 295 пәтерін сатылымға ұсынды. Сол үшін екінші деңгейлі банк қызметкерлері Тараз қаласы, Қойгелді көшесі, 173 мекен-жайындағы «Тараз ӘКК ҰҚ АҚ» ғимаратында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді, – деді.
Қазіргі таңда көп балалы, толық емес және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға беру көзделген «Бақытты отбасы» бойынша жиында сұрақтар да қойылды. Бастапқы жарнасы 10, жылдық үстемақысы 2 пайыз, қайтару мерзімі 19 жылды құрайтын бағдарламаның ең тиімді тұсы – несие тарихы нашар, яғни «черный списокте» болса да қарала беретіндігі тілге тиек етілді. Осы және «7-20-25» бағдарламалары аясында бірінші деңгейдегі үйлерден пәтер алушыларға 10 пайыз жеңілдік субсидия қарастырылып отыр екен. Алайда осы мәселемен тікелей айналысатын «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкінің» облыстағы филиалына қатысты кезекте сағаттап күту, білікті заңгер мен заманауи жүйеге көшу қажеттілігі сияқты бірқатар сын-ескертпелер де айтылды.
Жұмыс берушіге салмақ салғызбайтын жүйе
Елбасының екінші бастамасында жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту ұсынылды. Осыған қатысты Үндеуде салыстырмалы түрде жалақысы төмен қазақстандықтарды қолдау үшін ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап олардың салық жүктемесін 10 есеге азайтып, 1 пайызға ғана салық салу ұсынылды. Сөйтіп ай сайын ең төменгі есептік көрсеткіштің 25 еселенген көлемінен аз жалақы алатындарға салынатын жеке табыс салығын төмендету арқылы салық жүктемесін жеңілдету керектігіне назар аударылды. Аталған бастамаға байланысты сөз алған облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысын жүргізу басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспанов аталған тетік қызметкерге қосымша табыс көзіндей болғанын жасырмады.
– Сонымен қатар жұмыс берушінің əкімшілік шығындары азайды. Нəтижесінде, еліміздегі барша жалдамалы жұмыскерлердің кемінде үштен бірінің, яғни 2 миллионнан астам адамның, жалақысы жұмыс берушіге салмақ салмай-ақ көбейді. Екінші əлеуметтік бастаманы іске асыру мақсатында «Атамекен» Ұлттық кəсіпкерлер палатасымен бірлесіп, төмен жалақы алатын қызметкерлерге салық салудың оңтайлы механизмі анықталды.
Осыған орай, биылғы 1 қаңтардан бастап, ҚР Салық кодексінің 341-бабының 1-тармағы «Табысты түзету» 49) тармақшамен толықтырылды. Оған сəйкес қызметкердің салық салынатын табыс сомасының 90 пайызы жеке тұлғаның табыстарынан алынып тасталды. Осылайша бұл жүйе 25 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын, яғни 63125 теңгеден төмен жалақы алатын қызметкерлердің табысына қолданылды, – деген Өмірзақ Сайлауұлы төлем көзінен салық салынатын жеке табыс салығын қарапайым түрде есептеп те берді.
Бұл механизм еңбеккерлердің жедел жəне кепілдендірілген қосымша кіріс алуын қамтитындығын жеткізген ол: «Облыс аумағында бүгінгі күнге бюджеттің кіріс бөлігін ұлғайтуға жəне көлеңкелі айналымды қысқарту мақсатында қоғамдық тамақтану орындарында кəсіпкерлік қызметпен айналысатын тұлғаларға камералдық бақылау жəне талдау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, аймақтағы 331 қоғамдық тамақтану орындарындағы заңды тұлғалар мен кəсіпкерлерден түскен жалпы табыс 1 614,8 миллион, бюджетке түскен салық сомасы 48,5 миллион теңгені құрайды. Жалдамалы жұмысшы саны – 1257. Оның ішінде, 125 кəсіпкермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, жыл басынан бері олардан қосымша салық декларациялары тапсырылды. Сөйтіп жалпы табыс сомасы 4977,8 миллион теңгеге, салық сомасы 15,0 миллион теңгеге, жалдамалы жұмысшылар саны 163-ке ұлғайды», – деді.
«Студенттерді жатақханамен мерзімінен бұрын қамтимыз»
Ал үшінші бастама «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» бойынша сөз алған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Талғат Жамалов өңірдегі жоғары оқу орындарына 1887 жəне 3 техникалық кəсіптік білім беру ұйымына 750, жалпы саны 2637 орынға жатақхана қажеттілігі туындап отырғанын жеткізді. Әсіресе колледждердің жатақханалары мерзімінен бұрын ашылатынын мәлімдеген Талғат Салқанұлы:
– 942 студент білім алып жатқан Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне 300, 2300 студенті бар Жамбыл медицина колледжіне 350 орын қажет. Ал №9 Меркі колледжінің 100 орындық жатақхана құрылысына 2,0 гектар жер телімі дайын тұр. Мемлекеттік жер актісі мен сəулеттік жобалау құжаттамасы дайын. Инвесторлармен құрылыс жұмыстары бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жоспарланған жатақханалардың жобалық құжаттамаларын əзірлеу үшін инвесторлармен тиісті жұмыстар атқарылуда, – деді. Яғни мәселені Үндеудегідей, 2022 жылы емес, «тіпті 2021 жылы аяқтауды көздеп отырмыз» деп қорытты сөзін спикер.
Ауыл байымай ел дамымайды
«Шағын несие беруді көбейту» атты төртінші бастама бойынша ауылдық елді мекендерде ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтамасыз ету жəне жеке қосалқы шаруашылықтардың əлеуетін пайдалануды жүзеге асыру мақсатында қолға алынған «Нəтижелі жұмыспен қамтуды жəне жаппай кəсіпкерлікті дамыту бағдарламасы» жұмыс істеп келеді.
– Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша 4 111,0 миллион теңге бөлініп, 989 адамға несие беру жоспарланса, 1003 адам несие алып, жоспар 101,4 пайызға орындалды. Сонымен қатар «ҚазАгроГарант» АҚ-на ұсынылған мүліктерге кепіл беру үшін 2018 жылға жергілікті бюджеттен 32,5 миллион теңгеге 52 өтінім қабылданып, толығымен игерілді.
Ал ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 5 111,0 миллион теңге бөлініп, 1300 адамға несие беру жоспарланған болатын. Бүгінгі күні 930 үміткерге 3 547,5 миллион теңге несие берілді немесе бөлінген қаржының 69,4 пайызы игерілді, – деген облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Аманов аймақ басшысының «Қарапайым заттар экономикасы» атты қанатқақты жобасы аясында қамтылатын елді мекендерге де тоқталды. Сондай-ақ ол әр ауданнан қатысатын 10 ауылдық округті, жобаның бағыттары мен оларға бөлінетін қаражаттарды да атап өтті. Өйткені жамбылдықтардың басым көпшілігі әлі де ең төменгі пайызбен берілетін несиелік көмекті қай елді мекен тұрғындары алатынын нақты білмейді екен. Осы орайда басқармасы басшысының орынбасары аталған бастама ауыл-аймақты дамыту мақсатында қолға алынғандықтан, наубайхана тәрізді кәсіп түрлеріне қаражат 2,5 пайызбен берілсе, дүкен, монша, шаштараз сияқты бизнестерге 5 пайызбен берілетінін баса айтты. Ал оның жалпы несиелендіру мерзімі – 7 жылға, жеңілдік кезеңі (льготный период) – 12 айға дейін екен. «Жалпы пилоттық жобаны іске асыру үшін 7021 аула (94 пайыз) қамтылады. Оның 2459-ы тікелей несиелендіріледі. Қалған аулалар кооператив арқылы қаржыландырылады», – деді Қайрат Тілеубайұлы.
Тағы бір тиімді тұсы — бұл жылы 10 ауылдық округтегі 23 елді мекенді қамтитын жобаға жұмыс істейтін еңбеккерлермен қатар, жұмыссыздар да қатыса алады.
Биыл Сарысудың 4 ауылына газ беріледі
«Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру» атты бесінші бастамада Елбасы «Елімізде газ өндіру Тәуелсіздік кезеңінде жылына 8-ден 52 миллиард текше метрге дейін артты, әрі қарай да өсе түседі» делінген еді. Бірақ біздің өңірдің Сарысу және Мойынқұм аудандарына газ әлі берілмеген. Бұл жайлы сөз қозғаған облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының газдандыру және өнеркәсіптік қауіпсіздік бөлімінің бас маманы Мәулен Қожанов осы орайда жағымды жаңалығымен де бөлісті. Ол жыл соңына дейін Сарысудың Тоғызкент, Майлыкөл, Досбол және Әбілда елді мекендеріне газ берілетінін мәлімдеді. Ал Мойынқұм ауданына қатысты ол: «Шу ауданы Қонаев ауылының қасына «Шу»
АГРС салынуы тиіс. Ағымдағы жылы оның жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды. Оң қорытындысын алған соң құрылыс жұмыстарын бастау үшін министрлікке өтінім тапсырылады», — деді. Әйткенмен қалған аудандардың кейбір ауыл-аймағының өзі әлі күнге дейін «көгілдір отын» жаға алмай, жағайын десе газ құбырын тарта алмай отырғаны жасырынемес. Мұның басты себебі оның құнының аса қымбаттығынан дейді тұрғындар. Мәселенің мән-жайын түсіндірген маман осы орайда ескеретін жайттарды атап берді: «Егер үйіңіздің іргесіне келіп тұрған газ құбыры мемлекет есебінен тартылған болса, оның құны небәрі 95 мың теңге болады. Ал халық қаржысы есебінен келісіліп тартылған құбырдан газды пешіңізге дейін кіргізіп беретін жекеменшік компания өкілдері оған өз үстеме ақыларын қосады. Осы ретте баға құбылып, шарықтап шыға келеді». Дәл осындай көрініс Шу ауданының орталығы Төле би ауылында болған көрінеді. Өйткені конференцияға қатысқан төлебилік бір азаматша үйіне газ тартқызғаны үшін бақандай 720 мың теңгенің келісімшартын жасасқанын ашына жеткізді.
Жиынды қорытындылаған облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі, ардагер ұстаз Кәмиләш Ахметжанова: «Бұл бес бастама күнделікті тұрмысымызға қажетті дүниелер. Ал оларды цифрландыру үшін алдымен біздегі тоқтап қала беретін базаларды жетілдіру қажет. Бірін-бірі қайталайтын мекемелерді топтастыру керек», – деді. Ал өңір басшысы Асқар Мырзахметовтің қолға алған қанатқақты жобасы ауыл-аймақты дамытатынын қадап айтқан Кәмиләш Құстүтінқызы «Ауыл өспей, ауыл байымай қала байымайды, ел дамымайды» деп жиынға нүкте қойды.
PS: Еске сала кетсек, «Қарапайым заттар экономикасы» атты қанатқақты жобасына биыл қатысатын алғашқы 10 ауылдық округ мыналар:Байзақ – Қостөбе, Жамбыл – Бесағаш, Жуалы – Ақтөбе, Қордай – Жамбыл, Меркі – Сұрат, Мойынқұм – Кеңес, Т.Рысқұлов – Құмарық, Сарысу – Саудакент, Талас – Үшарал, Шу – Жаңақоғам.
Ал жоба төмендегі бағыттарға арналған:
1. Үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану;
2. Мал шарушалығын дамыту және мал сатып алу;
3. Ауыл сыртындағы пай үлесі бар жерлерді ауыл шаруашылығы кооперативтерімен
(АШК) бірлесіп тиімді пайдалану;
4. АШК-не қажетті құрал-жабдық, қондырғы және техникалар сатп алу;
5. Ауыл тұрғындарын жеке кәсіп ашуға қаржыландыру.
Альмира ОМАРОВА