Германияның Гамбург қаласында бокстан әлем чемпионатында күміс еншілеп қайтқан жамбылдық жас жұдырық иесі Әбілхан Аманқұл туған жерге келді. Жаһандық жарыс жүлдегері мен бапкері Нұрлан Ақүрпековті жамбылдықтар әуежайдан сән-салтанатымен қарсы алды.
Болашағынан зор үміт күттіретін жуалылық боксшыны облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың бірінші проректоры Асқар Абдуалы және туыстары мен жанкүйерлері күтіп алды. Шарада Ерқанат Нұрбапаұлы Әбілханды жеңісімен құттықтап, алдағы бәсекелерде ел намысын абыроймен қорғай беретіндігіне сенім білдірді. Сондай-ақ Асқар Абдуалы сөз тізгіндеп, шаршы алаң иесінің осынау жетістігімен мақтанатындығын айтып, оған университет грантын табыс етті. Айта кетерлігі, Әбілхан аталған оқу орнында «дене шынықтыру» мамандығы бойынша білім алу үстінде. Өз кезегінде Әбілхан Аманқұл сөз тізгіндеп, алдағы уақытта тәжірибесін арттырып, басым бәсекелерде тұғырдың биік сатысынан көріну жолында барын салатындығына уәде етті.
Еске сала кетсек, әлем назары ауған аламанда жамбылдық жампоз, 75 келі салмақ дәрежесінде Әбілхан Аманқұл күміс жүлде иеленіп, жанкүйерлерін қуантқан болатын. Ол ширек финалда 3 жыл бойы жеңілістің дәмін татпаған, Олимпиада және әлем чемпионы, әйгілі кубалық былғары қолғап шебері Арлен Кардон Лопесті ұтып, айды аспаннан бірақ шығарған еді. Ал жартылай финалда сайыпқыранымыз Рио Олимпиадасында Жәнібек Әлімханұлын жарыс жолынан шығарған әзірбайжандық Камран Шахсуварлыны жеңді. Жерлесіміз ақтық сында Украина елінің боксшысы Александр Хижнякпен қолғап түйістірді. Қос боксшы рингте аянып қалған жоқ. Десе де, Украина елі сенім артқан Александр Хижняктың жеңіске деген талпынысы мен жігері ерекше болды. Нәтижесінде төрешілер украин боксшысын жеңімпаз деп таныды. Дегенмен Әбілханның бұл жеңісі аз олжа емес. Алдағы уақытта одан үлкен жеңістер күтетін боламыз.
Фото Нұрғиса Нұрлыбайұлы.
Шынболат Сейдуалиев