Өткен жылдың 19-шы маусым күні Тараз қаласындағы 6 мөлтек ауданда болған атыста ерлік көрсетіп,оқ астында қалған Бекжан бауырымыздың жағдайы өмір мен өлім арасында қалған болатын. Қарапайым халық үшін өз кеудесін оққа тосқан оғланның емін мемлекет өз мойнына алып оны емдету үшін Греция еліне жіберген еді. Шетелде 8 ай бойына ем-дом қабылдап, наурыздың 2-ші жұлдызында Бекжан Тіленшиев туған жері Тараз қаласына оралды. Ауруынан айыға бастаған Бекжанды теміржол вокзалынан ата-анасы, туған-туыстары, әріптестері құшақ жая қарсы алды.
Греция елінде ем қабылдаған бүгінде оның жағдайы қалыпқа түсе бастаған екен. Ол жақта оған бірнеше ота жасалыпты. Дегенмен оның денесінде әлі де оқтың қалдықтары бар екен. Дәрігерлердің айтуынша, қалың етте тұрған оқ әзірге оның денсаулығына еш кедергісін келтірмейтін көрінеді. Бірақ алдағы уақытта алынып тасталады екен. Бастапқыда ақ халаттылар оны төсекке танылып қалады деген болатын. Дейтұрғанмен, ауруға мойымаған Бекжан оған жол бермейіндей. Өйткені, қазірдің өзінде алға ілгерілеушілік байқалуда. ол жақтың тағамдарынан жалығып, өзіміздің ұлттық тағамдарымызды қатты сағыныпты.
– Қазір Бекжанды ауылдағы үйімізге алып бара жатырмыз. «Туған жердің топырағыда шипа» дегендей ол жақтың да шипасы болатындығы анық. Ауылда бір айдай дем алғаннан кейін емін қайта жалғастыратын боламыз. Ол қазір әуелі аяққа тұрып, сосын жұмысымды жалғастырсам деп жоспарлауда. Ең бастысы, әрине аяққа тұру. Ұлымның мұндай жағдайға түскеніне еш өкінбеймін. Бұл әрбір отан қорғаушысының парызы деп ойлаймын. Бекжанның орнында басқа біреу болғанда да дәл осылай жасайтынына мен сенімдімін, – дейді Бекжанның әкесі.