Қала әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері мен бөлім басшыларынан құралған мобильдік топ ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп түнгі рейдке шықты.
Шара қала мектептерінде әлімжеттік жасап, ақша жинаумен айналысатын жасөспірімдерді анықтау, сол арқылы басқа да қылмыстардың алдын алу мақсатында ұйымдастырылды. Сондай-ақ топ мүшелері кәмелетке толмағандардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету, түнгі уақытта көңіл көтеру мекемелерінде ата-аналарының басқа да заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген, қаңғыбастыққа, қайыршылыққа салынған жасөспірімдерді анықтау үшін кешкі сағат 21:00-ден 00:00 аралығында қала көшелерін аралады.
Әуелі топ өкілдері қалалық ішкі істер басқармасының алаңында құқық қорғау қызметкерлерімен қатар тұрып, тиісті тапсырмаларын алды. Мұнан соң әр патрульдік автокөлікке бекітілген олар қаланың әр аумағына бет алды. Олармен қатар біз де Тараз қалалық ішкі істер басқармасы, жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы Ермек Картемешов бастаған топпен қала көшелерін аралауға жолға шықтық. Алдымен Жамбыл даңғылында орналасқан «Reina» кафесіне бас сұқтық. Онда тәртіп сақшылары көңіл көтеруші жастардың барлығының дерлік жеке басын куәландыратын құжаттарын тексеріп шықты. Дегенмен, олардың қатарынан кәмелетке толмаған жасөспірімдер кездеспеді. Содан соң Қазыбек би көшесіндегі «Чердак» кафесі мен «PlayStation» ойын орталығына аялдадық. Бұл орындарда да кәмелетке толмаған жасөспірімдер көзге шалынбады. Бұдан соң сағат тілі 23:30-ды көрсеткенде «Ақбұлақ» мөлек ауданын аралау барысында көше кезіп жүрген жасөспірімдердің тобы кезікті. Олардың құжаттарын тексеру барысында біреуінің кәмелетке толмағаны анықталып, ата-анасы шақырылды. Сонымен қатар оның анасына ескерту түріндегі хаттама толтырылып, бір жылдың ішінде тағы қайталанса айыппұл салынатыны ескертілді.
Рейд барысында көп жастардың көңіл көтеретін арзан орынына айналып кеткен «Malibu» және «Efes» кафелерінде де болдық. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, жасөспірімдердің шоғыры осында екен. Оған тәртіп сақшыларының құжат тексеруі барысында көз жеткіздік. Бір-біріне қарсы орналасқан екі кафеде де осы көрініс. Бірақ, кафе әкімшілігі мен қонақтары әбден әккі екен. Әкімші тәртіп сақшыларын бірер минутқа сыртқа шығарған уақытта әлгі жасөспірім қонақтар кафенің қосымша есігінен сытылып үлгеріпті. Мұнан соң құзырлы орган қызметкерлерінің алдында жауапты болып тұрған әкімші керісінше тәртіп сақшыларын кәналай жөнелді. Оған себеп, жасөспірімдерден тиісті қаржысын ала алмауы. Бұл «Malibu» кафесінде болған оқиға. Іле шала дәл осы жағдай «Efes» кафесінде де орын алды. Аталған жағдай бойынша кафе әкімшелірінің қулығына, ал тәртіп сақшыларының аңғалдығын аңғардық. Мобильдік топ мүшелері мен журналистердің алдында осындай жағдайға жол берген олар басқа уақытта не тындырып жүргенін кім білсін?!
Осылайша, мобильдік топ мүшелері аталған екі кафеден ауыздарын қу шөппен сүрттінің кебін киіп, рейд жұмысын қорытындылады. Айта кетерлігі, сәуірдің 14-де басталған бұл іс-шара осы айдың 28-не дейін жалғасатын болады.