Ата Заңымызда мемлекеттің “ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары” деп көрсетілген. Адам өміріне, оның ішінде кәмелетке жасқа толмағандар мен балаларға әлімжеттік жасағандар туралы сөз қозғайтын боламыз.
Сенат балалар мен жасөспірімдерге қатысты қолданыстағы заңнамаларға енгізілген түзетулер мен толықтыруларды екінші оқылымда жан-жақты талқылады. Олар бірқатар ұсыныс пен ескерту айтып, заң жобасын мәжіліске қайтарып жіберді. Бұл құжат Президент тапсырмасынан кейін әзірленген еді. Анығында қоғамда жиілеп кеткен кейбір келеңсіздіктерді жою мақсатында жасалды. Атап айтсақ, мемлекеттік басқару саласындағы заңнамаларды жетілдіру қажет болды. Кәмелетке толмағандарға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыстар үшін жаза қатаңдатылады. Квазимемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мәселері де қамтылған. Заң күшіне енсе, осы салада жұмыс істеп жүргендерден қос азаматтық анықталса еңбек шарты бұзылады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
— Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде балаларды қорғау саласында нақты және жүйелі саясат жүргізіліп келеді. Осы шара аясында педофилдерді қылмыстық жазалау кешенді түрде күшейтілді. Қылмыстың ауырлығына байланысты оларды бас бостандығынан айыру мерзімі ұлғайтылады. Мерзімнен бұрын босату, жазаны қысқарту немесе оны жеңіл түрімен ауыстыру шаралары шектеледі. Мұндай қылмыскерлер жазасын қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерде өтейді. Енді олар қоныс колонияларына жіберілмейді.
Өкінішке орай балалардың қауіпсіздігіне байланысты заңның жұмсақтығы салдарынан балалардың тағдырына балта шабылып, жандарына өмір бойына жетерлік жара салынып жатыр. Ата-аналардың да қабырғасы қайысуда.
Бірінші оқиға: 2019 жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласында мектептен қайтып бара жатқан 9 жасар қызды жаңбыр жауып тұрғанда «үйіне апарып тастаймын» деп алдап, зорлап, өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген. Кінәсін мойындаған Жақсылық Байділдаев өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Педофил алғашқы 5 жылын Арқалық қаласында өтейді, 13.11.2019ж. Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 99-бабының 2-бөлігі 3),10,14) тармақтары, 121-бабының 4-бөлігімен айыпты деп танылып, ҚР ҚК-нің 58 бабының 4 бөлігі қолданылып, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оның алғашқы 5 (бес) жылы қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемесінде, ал қалған жазасы қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған.
Әсел Джапанова 2019 жылдың тамыз айында Тараз қаласында орналасқан Жамбыл облыстық перинаталдық орталығында өзі босанып, жаңадан туылған нәрестені ұрлап сатпақшы болған. Осы жылдың желтоқсанында Жамбыл облысы бойынша кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 125 бабының 2 бөлігі 5,8 тармақтарымен айыпты деп танылып, ҚР ҚК-нің 60 бабының 1 бөлігі қолданылып, 7 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылып, жазасын ҚАЖ қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеу тағайындалған.
Мейіржан Қашқымбай 2013 — 2019 жыл аралығында әкесінің екінші әйелінің артынан еріп келген қызбен ұзақ мерзім бойы жыныстық қатынасқа түскен. Нақтырақ, 1 сынып оқып жүргеннен бастап 2019 жылдың қаңтарына дейін зорлаған. Бұл оқиға Тұрар Рысқұлов Жаңатұрмыс ауылында болған. Жәбірленушіні ақыр соңында жүкті қылып қойған. 2019 жылдың маусым айында оған аборт жасалынған. М.Қашқымбайға 13.11.2019 ж. Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотымен ҚР ҚК-нің 121 бабының 4 бөлігі, 120 бабының 4 бөлігімен 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.
Арман Дауытов 11 жасар жасөспірімді зорлап, ұрлық жасаған. 30.03.2020 ж. Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 121 бабының 4 бөлігі, 120 бабының 4 бөлігі, 188 бабының 2 бөлігі 3 тармағымен айыпты деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оның алғашқы 5 (бес) жылы қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемесінде, ал қалған жазасы қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтеу тағайындалған.
Бекзод Тошбулатов 17 жаста болған өзі де кәмелет жасына толмаған бола тұра 17 жасар қызбен жүріп жыныстық қатынасқа түскен. Қыз баласы бұл әрекетке өз еркімен барған дейді. 08.02.2018ж.Жамбыл облысы қылмыстық істері жөніндегі мамандырылған ауданаралық сотымен ҚР ҚК-нің 121 бабының 3 бөлігі 3 тармағы, 122 бабының 1 бөлігі, 58 бабының 3 бөлігімен — 5 бас бостандығынан айырылған. Жамбыл облыстық сотының сотының 20.09.2019ж. қаулысына сәйкес ҚР ҚК-нің 73 бабына сай жазасының өтелмеген бөлігі бас бостандығынан шектеу жазасына ауыстырылып, 20.09.2019ж. босатылған.
“ТАРАЗДАҒЫ ТУАЛЕТТЕГІ ЖАҒДАЙ”. Осы жағдайдан кейін бүкіл еліміздегі мектептердегі даладағы әжетханалар ішке кіргізу тапсырмасын Президент өзі беріп, Тараз қаласы әкімін, Тараз қалалық полиция бастығын, мектеп директорын лауазымдарынан алып тастаған болатын. Валерий Валеев өзінің теріс әрекетін мектептегі сыртқы әжетханада жасаған. 24.01.2020 ж. Жамбыл облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен ҚР ҚК-нің 121 бабының 4 бөлігі, 120 бабының 4 бөлігімен айыпты деп танылып, 25 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, оның алғашқы 5 (бес) жылы қылмыстық-атқару жүйесінің толық қауіпсіз мекемесінде, ал қалған жазасы қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеу тағайындалған. Сотта Валеев өзінің кінәсін толық мойындап, маскүнемдікті сылтауратты. Мұндай әрекетке осыдан 20 жыл бұрында барған екен. Қазіргі уақытта зәбір көрген қыз үйде оқуға көшкен.
Қаншама жасөспірім қыз балалардың тағдырлары бір сәтте бұзылды. Қаншамасы алда бұзылу мүмкін. Кәмелет жасқа толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы барлық әрекеттерді өте ауыр жазаға ауыстырып, әрекеттерін қайталап жасамас үшін істерін қайта қарау керек шығар. Мүмкін “педофил” деген нақты атау беру керек пе?! Ата-ана балаларының жанында кім жүргенін біліп жүруі тиіс. Көзден таса қылмау керек. Себебі қоғамға өте қауіпті қасірет, оқыс жағдай алас-қапаста орын алуы мүмкін. Баланың ертеңіне бей-жай қарамаңыз.
TURANINFO.KZ