Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қоныс той иелерін құттықтап, баспана кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Облыс әкімі баспана мәселесін шешу негізгі міндеттердің бірі екенін атап өтіп, мемлекеттік бағдарламалардың негізінде тұрғын үй құрылыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Қуанышымызда шек жоқ. 9 жыл үй кезегінде тұрдым. Бүгін 3 бөлмелі пәтерге ие болу бақыты бұйырды. Мемлекет қолдауына мың алғыс, – дейді 8 баланың анасы Нағима Еділханқызы.
Жаңа тұрғын үйлер «Әл-Фараби» шағынауданында бой көтерген. 4 тұрғын үйде 1 бөлмелі – 80, 2 бөлмелі – 80, 3 бөлмелі – 80 пәтер қарастырылған.
Баспаналар көпбалалы, толық емес отбасыларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, бюджеттік сала қызметкерлеріне берілді.
Бүгінде Байзақ ауданында 3 мыңнан аса азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында өткен жылы 4 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілсе, биыл 120 пәтер сатып алу жоспарлануда.
Сондай-ақ «Асарлатып үй салу» жобасы аясында 15 тұрғын үйдің құрылысы қарқын алған.
Жалпы Жамбыл облысында биыл 750 мың шаршы метр тұрғын үй беру көзделуде.
2023 жылы 1 100 пәтерлі 19 көпқабатты тұрғын үй ел игілігіне берілсе, ағымдағы жылы 2 569 пәтерлі 51 баспананы пайдалануға беру міндеті тұр. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 1 575 пәтер сатып алынады.
Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі