Қоғам дамуының жаңа кезеңінде халық тұрмысына, ғылымға өзгерістер енгенде көптеген жаңа атаулар, мүлдем жаңа сөздер, терминдер туады. Осындай жолмен пайда болған терминология саласының бірі — заң терминдері.
Заң тілі ресми стильге жататыны белгілі. Осы кезге дейін заң терминдерінің шығу тегі, жасалу жолдары да түрлі-түрлі болып келгені сөзсіз. Соңғы кезде заң тілінің лексикалық құрамы туралы пікірлер көп.
Зерттеушілердің анықтауынша, тіліміздегі заңдық, құқықтық ұғымды білдіретін атаулардың көпшілігі жалпы түркілік дəуірдегі түркі рулары мен тайпаларының тілінде бұрыннан бар, қолданылып келген сөздер болып табылады.
Заң терминдері мен осы саладағы ұғым атауларының бұрыннан қазақтардың əдет-ғұрып заңы («Обычное право») бойынша жасалып, тұрақталып қалғанын байқауға болады.
Мысалы: дау, бітім, билік, кеңес (заседание), айғақ, құн, жаза, жауапкер, іс қорғау (защита), тергеу (судопроизводство), мойнына алу (признание), даугер, тоғыз, бір тоғыз, төре, төбе басы, шығын, тергеу, іс қорғау, іс (дело служебное) сияқты сөздер.
Заң терминдердің ішінде бұрыннан келе жатқан араб-парсы сөздері де, жаңадан еніп, едəуір тұрақталып үлгерген орыс сөздері де бар.
Мысалы: куə (һ), куə (һ) лік, күнə, кефіл…кепіл’арз, салауат айп/ай-ып, шари’ат/шариғат, міндетті істер (обязанности), содья мировой содъя, сот, закон, статья, қызмет (служба), падсалық қызмет (государственная служба), общество (население), түрме, сот, пауерени (поверенный), залок, адуакат /адбекет т. б.».
ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы мерзімді баспасөз беттерінде үкімет тарапынан қазақтар үшін жазылған (аударылған) ресми іс қағаздары тілінің бұйрық-жарлықтар, ережелер, қағидалар, үкімдер т. т. əуелі орыс тілінде болып, қазақшасы солардан аударма түрінде дүниеге келген. Сондықтан да зерттеушілермен бұл үлгілерде орыс сөздері көп қолданылған деген уәж айтылады.
Сөйтіп, ХІХ ғасырда қазақша іс қағаздары орыс тілінен тікелей аударылып, баспадан шығып тұрған. Аударма құжаттар болғандықтан, олардың лексикасында орыс тілі элементтері де молынан кездесетіндігі заңды құбылыс. Өйткені қоғамда болып жатқан өзгерістерге байланысты орыс тілінен аударғанда заң терминдеріне бірден балама табу қиын болғаны түсінікті.
Құжаттарда қолданылған терминдердің нормалану үдерісі əлсіз, параллельдер болғандығын көрсетеді. Бір ұғымды екі-үш сөзбен білдіру, орысша-қазақша, арабша-қазақша, арабша-парсыша-орысша параллельдер орын алған: низам~закон~заң, право~құқ, расход~шығын, кеңсе~маһкама, положение~ереже т.б.
Қазіргі қазақ лексикасында жаңа ұғымдарды қазақ тіліне аудару, қазақша балама тауып қолдану үдерісінде жеке сөздер, терминдер қалыптасқандығы сөзсіз: приговор — үкім, приговор окончательный — тұжырымды (соңғы) үкім, приговор оправдательный — ақтау үкімі, признание — мойындау (мойынға алу), допрос — жауап алу, преступность — қылмыскерлік, дело — іс, правонарушитель — заң бұзушы, правосудие — əділ сот т.б.
ХХ ғасыр басында заң терминдерін жасауда орыс тілінің тигізген əсері айқын көрінеді. Шетел терминдері орыс тілінен балама қарастырылмай тікелей алынды: процесс гражданский — азаматтық іс процесі, закон, право, статья (қазір: бап), обвинительный пункт, протокол (қазір: хаттама), прокурор, адвокат, конституция, констатациялау (констатировать), консультант, конфискация, копия т.б.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында 3 мыңға жуық заң қабылданса, соның ішінде екі-ақ заң қазақ тілінде жазылды. Оның бірі «Көші-қон» туралы және «Бала құқықтары» жөніндегі заңдар. Мұндай бастама заң жобаларын әзірлеушілер тарапынан жалғасын таппаған. Тәуелсіздік алғанға дейін қазақ тілінде заң жобаларын әзірлеу, заң шығару дәстүрі қалыптаспады. КСРО-да мемлекеттік биліктің атқарушы, заң шығарушы және сот билігі сияқты үш тармағының да жұмыс тілі орыс тілі болды.
Заң тілі әр азаматқа түсінікті, құқықтық норма сай айқын болуы тиіс. Заң мәтініне бейнелі сөздер мен астарлап, тұспалдап, болжап айту да тән емес. Біздің елде заңдарды қазақшаға аудару мен оларды жетілдіру мемлекеттік органдардағы аудармашылар мен редакциялау бөлімдерінің қызметкерлеріне, Әділет министрлігіне қарасты Заңнама және құқықтық ақпарат институты сияқты құрылымдарға жүктелген.
Терминологиялық сөздіктердің әрқайсысында бір ғана ұғым атауы әр түрлі нұсқада беріледі. Мысалы, бір ғана «терроритический акт» термині — «террорлық акт», «лаңкестік акт» және «лаңкестік әрекет» түрінде кездеседі.
Қазіргі заң терминдерін жасауда және оны қолдануда мынадай кемшіліктер байқалады: бір мəндегі терминдік ұғымның бірнеше мəнде қолданылуы; көптеген терминдердің синонимдік қатар түзуі; кейде сөздер бір ғылым саласыңда терминдік қызмет атқарса да, сол терминдік мəнде қолданылмауы; терминдер туралы анықтаманың əлі де бір жүйеге келмеуі; қазақ тілін мемлекеттік басқару мен заң тіліне айналдыру қажет. Қорыта келсек, заң терминдерінде кездесетін олқылықтардан айығудың жалғыз-ақ жолы – қазақтың заңын қазақша жазу.