Серік Жұманғарин орта және шағын бизнеске арналған арнаулы салық режимі енді оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі деп аталатынын жеткізді.
«Кіріс лимиті қазіргідей 600 мың айлық есептік көрсеткіш болып сақталады. Қызметкерлер саны бойынша шектеу алып тасталады. Мөлшерлеме — 4% және оны Мәслихаттар 50%-ға дейін төмендетуі мүмкін», — деді министр.
Вице-премьер Үкімет режимді тек белгілі бір қызмет түрлеріне қолдануды ұсынғанын және басты шарт тек B2C операциялары екенін мәлімдеді.
«Бұл ретте В2В операциялары арнаулы режим шеңберінде ғана жүзеге асырылуы мүмкін. Егер жалпыға бірдей белгіленген режимде жұмыс істейтін салық төлеуші тауарды немесе қызметті «арнаулы режимнен» сатып алса, онда оның мұндай шығындарды шегеруге құқығы жоқ», — деді ол.
Жұманғариннің сөзінше, қызмет түрлерінің санын Үкімет реттейді.
«Үй жанындағы дүкендер, шаштараздар және халықпен жұмыс істейтін кәсіпкерлер осы шарттарға сәйкес келеді және қосылған құн салығын төлеуші санатында болмайды. Оларға қорқудың қажеті жоқ», — деді ол.