«Қазақстан» телерадиокорпорациясы Қырғыз тарапымен бірлесіп Шыңғыс Айтматов туралы деректі фильм түсіруде. Бұл туралы бүгін XVII Еуразиялық медиафорум аясындағы «Түркітілдес елдердің БАҚ-ы. Қазіргідей жағдайда ынтымақтастықты дамыту» тақырыбындағы дөңгелек үстелде Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай айтты.
Қырғыз-қазақ бірлескен деректі фильмі екі ел арасындағы тарихи достық қарым-қатынасты насихаттауды көздейді. Лейтмотив ретінде Шыңғыс Айтматовтың шығармашылығы алынған. Оның екі ел арасындағы байланысты нығайту жолында атқарған еңбектері баяндалады.
Түсіру тобы Ш.Айтматовтың ауылы Шекерде болып, ондағы Айтматовтың шығармаларына арқау болған деректі орындарды түсіріп қайтты. Ш.Айтматовтың музей үйі таспаланып, қарындасы Роза Айтматовадан, ұлы Эльдардан сұхбат жазылып алынды. Талас облысына қарасты Маймақ стасасында жазушы өмірі туралы қойылымдық түсірілім ұйымдастырылды. Деректі фильмді Abai TV арнасымен қатар түркітілдес елдердің телеарналарында көрсету жоспарланған, — деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.
Телерадиокорпорация жобаны Қырғызстанның «Пирамида» медиахолдингімен ынтымақтастық аясында қолға алды. Одан бөлек, Balapan телеарнасы қырғыз аниматорларымен бірлесіп, ғарыш саласы жайындағы анимациялық жобаның түсіріліміне дайындық жұмыстарын бастады.
Дереккөз baq.kz : https://baq.kz/news/othernews/shyngys-aytmatov-turaly-derekti-fil-m-tusirilude/