«Алматы – Түркістан – Ташкент – Алматы» бағыты бойынша алғашқы рейс 2024 жылдың 16 қарашасында жолға шығады.
Төрт күнге халықаралық теміржол туры туристерге ежелгі қалалардың атмосферасына еніп, Ұлы Жібек жолының ізімен саяхаттауға мүмкіндік береді. Маршрут Түркістан мен Ташкенттің басты көрікті жерлерін қамтиды. Туристерге ыңғайлы болу үшін тур бағдарламасында гид қызметі, тамақтану, көлік қызметі және кіру билеттері қарастырылған.
«Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елді байланыстыратын ерекше теміржол туры іске қосылмақ. Аталған тур біздің азаматтарымыз бен елдеріміздің мәдени байлығы мен тарихи мұрасына қызығушылық танытатын шетелдік туристер үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болмақ. Бұл Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мәдени байланыстарды нығайту мен туризмді дамытудағы маңызды қадам», – деп атап өтті ҚР Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев.
Сондай-ақ саяхатшылар Орталық Азия аумағындағы ең көне қалалардың бірі – Отырар қаласымен таныса алады. Тур бағдарламасына Арыстан-баба кесенесіне, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейіне, Орталық Азиядағы өз кезегінде ең үлкен «Керуен-Сарай» туристік кешеніне бару кіреді. Ташкенттегі тур аясында қаланың тарихи нысандарымен ғана емес, сонымен қатар заманауи дамуымен де танысуға болады.
Халықаралық турды «Tau Komek Travel», «Тұран Қазақстан Тревел», «Grand Soluxe Travel Company», «SkyWay Travel», «Kompas», «KhanTuran Travel» компанияларымен бірлесіп «Жолаушылар тасымалы» АҚ іске асырады. Ал «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ маршруттың халықаралық деңгейде насихатталуына қолдау көрсетеді.
ҚР Туризм және спорт министрлігі