Себебі, тәуелсіздіктің 30 жылдығында да мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мәселесі өзектілігін жоймауда.
Мысалы, соттарға қатысты айтсақ, мемлекеттік тілде қаралатын істер санының әлі де көңіл көншітпейтінін ресми мәліметтер растайды. Мұның соттар тарапынан орын алып отырған олқылық еместігі тағы анық. Олай дейтініміз, заң талабына орай, сот ісін жүргізу тілі сотқа талап қою арызы берілген тілге байланысты сот ұйғарымымен белгіленеді.
Қажет болған жағдайда мемлекеттік тілмен қоса басқа тілдер де қолданылады. Сонымен қатар, сотқа мүмкіндігі шектеулі, яғни, құлағы естімейтін, сөйлеу қабылетінен айрылған, т.б. азаматтар жүгінуі мүмкін. Мұндай жағдайларда, яғни, іс жүргізіліп отырған тілді білмейтін немесе жеткілікті білмейтін іске қатысушыларға, мысалы, сарапшы, куә, т.б. сотта ана тілін немесе өзі білетін басқа да тілді пайдалану құқығы берілген және аудармашы қызметімен ақысыз қамтамасыз етіледі. Осы арқылы сот процесіне қатысушы адамдардың теңдігі сақталады.
Сотқа аудармашы шақыру заңдылығын Қазақстан Республикасының Әкімшілік
рәсімдік-процестік кодексімен байланыстыра айтсақ, 35-бапта көрсетілгендей, аудармашы ретінде сотқа іске мүдделі емес адам қатыстырылады. Оның сот ісі жүргізілетін тілді жақсы білуі немесе саңырау, мылқау адамдармен қарым-қатынас жасау техникасын еркін меңгеруі шарт. Аудармашының заңмен қарастырылған нақты құқықтары бар. Мысалы, аудармашы өз қызметін жүзеге асыруда сотқа қатысушылар сөзін дұрыс аудару үшін оларға қажетті сұрақтарын қояды. Сондай-ақ, сот отырысының хаттамасымен танысады.
Хаттамаға аударманың дұрыс әрі толық болуына қатысты өзгерістер енгізе алады. Ол аударма жасауға бiлiмi жетпеген жағдайда іске қатысудан бас тартуға құқылы. Бұған қоса іс жүргізуге қатысуына байланысты шыққан шығысының өтемін ала алады. Іс бойынша іс жүргізуге қатысу өзінің лауазымдық міндеттеріне кірмеуі мүмкін, мұндай кезде оның орындаған жұмысы үшін сыйақы алуға құқығы бар.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде
аудармашының құқықтарымен қатар, міндеттері де бекітілген. Енді оның әкімшілік іс жүргізуге қатысудағы міндеттеріне келсек, аудармашы соттың шақыруына уақытылы келуі, сондай-ақ, сотқа қатысушылардың сөздерін толық және дұрыс аударуы керек.
Бұған қоса аудармашы іске қатысушылардың ана тіліне немесе олар білетін тілге аударылып табыс етілетін құжаттар аудармасының дұрыстығын өз қолтаңбасымен куәландырады. Ең бастысы, істің мән-жайлары туралы мәліметтерді және өз міндетін атқару барысында белгілі болған өзге де деректерді жария етпейді, олай етуге заңмен тыйым салынған. Аудармашы сот отырысы кезінде тәртіп сақтауға міндетті. Сонымен бірге ол аударманы көрнеу дұрыс жасамаған жағдайда, заңда белгіленген қылмыстық жауаптылыққа тартылады. Әрбір маман өзіне жүктелген қызметті мүлтіксіз орындауы тиіс және Қазақстан Республикасының әр азаматының мемлекеттік тілді меңгеруі міндет!
Жамбыл облысының қылмыстық
істер жөніндегі мамандандырылған
ауданаралық соты әкімшісінің бас маман
— сот отырысының хатшысы Қ.Мутан