Аударма – адамзат мәдениетінің алтын көпірі. «Жазушылар ұлттық әдебиетті жасаса, аудармашылар әлемдік әдебиетті жасайды» деген сөз бар. Өнер атаулы адамзатқа ортақ дүние. Себебі барлық адамзаттың қуанышы мен сүйініші, қайғысы мен мұңы бірдей. Тек оны ортақ пайдалану үшін арадағы аудармашы дейтін мамандар талантты, білімді болуы керек. Сондай талантты, білімді аудармашының бірі – Еділбек Дүйсен.
Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету, жас өнерпаздар жетістігін жария ету – бүгінгі медианың бір мақсаты десек те болады. Cол мақсат жолындағы жазбамыздың келесі кейіпкері осы Еділбек болмақ.
Еділбек Дүйсен – жас ақын, аудармашы. 1998 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданында дүниеге келген. Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі. Бірнеше республикалық жыр мүшәйраларының жүлдегері, жеңімпазы. «Жұмбақ сәуле» (2012 ж.) жыр кітабының, «Қалалық құстар» (2021 ж.) өлеңдер мен аудармалар жинағының авторы. Топтама өлеңдері бірнеше ұжымдық жинақтарға енген. Өлеңдері мен тәржімалары республикалық БАҚ беттерінде жарияланып тұрады.
Аударма саласы — әдебиеттің де, әдебиеттанудың да дамуына тікелей ықпал ететін салалардың бірі. Бұл саланың жауапкершілігі аудармашылардың ғана емес, ақын-жазушылардың да мойнында десек, артық кетпегеніміз шығар. Ақын-жазушының тәржімамен шұғылдануы белгілі бір деңгейде оның асқынған, асқынбақ ниеттегі эгоизмін өлтіріп тынады. Бұған қоса, кейбір аудармамен шұғылданбайтын жазушылардың шығармаларынан оқырман мені ғана оқысын деген пиғылмен қатар, шетелдік жазушылардың шығармаларының мүйізін де аңғарып қалып жатады, — дейді Еділбек.
Талантты жас аударма жасауды студент кезінде бастаған. Ешкім аудармаған, қазақ тілінде жарық көрмеген сұхбаттар мен шығармаларға түрен салған.
Мен аудармаға студенттік кездің алғашқы жылдарынан бастап келдім. Йейтстің шығармашылығына деген қызығушылықтан басталған дүниенің отын Тоқтарәлі Таңжарық үрледі. Ағамыздың ұсынысымен «Дала мен Қала» газетіне Г.Г. Маркес пен М.В. Льосаның көлемді сұхбатын аудардым. 40 жылдан астам уақыт бойы қазақша сөйлемеген сұхбатты аудару маған үлкен күш-жігер сыйлағаны жасырын емес. Осыдан кейін қазақша сөйлемеген дүниелерді аударып беру ісіне ден қойдым. Бэй Даоның, Ш. Бодлердің өлеңдерін, өзге де ақын-жазушылардың әдеби мақалалары мен сұхбаттарын, нобельдік лекцияларын, кейбір әңгімелерін тәржімаладым. Оның бірсыпырасын «Қалалық құстар» атты кітабыма да кірістірдім. Қазіргі таңда Эмиль Чоранның шығармаларын аудару үстіндемін, — дейді.
Еділбек көбіне орыс тілінен тәржімалайды. Кей түсінбеген тұстарын түпнұсқадан қарайды екен.
Шығармаларды орыс тілінен ғана аударамын. Кейбір түсіне алмаған дүниелерімді түпнұсқадан да қарастырамын. Түпнұсқа мәтіндегі ойға қол жеткізуіме менің қытайша, түрікше тіл білетін достарым көмектесіп отырады.
«Аударма ауыр сала емес пе?» деген сұрағымызға тұщымды жауап қайырды. Машақаты көп сала болса да, ләззаты да соған бара-бар.
Аударма – машақаты көп сала. Аударманың мақсаты туралы да көп дүниені айтуға болады. Федоров «Аударма дегеніміз — басқа тілдің құралдарымен баяндалған мәтінді екінші тілдің құралдарымен барынша толық, әрі дәл жеткізу» дейді. Ал Бархударов аударманы «белгілі бір мәтіннің мағынасын сақтай отырып қайта құру» дейді. Жалпы мағынасында алғанда қай-қайсысы да дұрыс. Дегенмен, аударманың әдіс-тәсілдерінің проза мен поэзияға келгенде құбылатыны да жасырын емес. Әлбетте, аудармадағы ең басты мақсат — идея мен бояуды, форма мен мазмұнды сол қалпында жеткізу. Шығарманы автор деңгейінде түсініп, автормен тайталасарлықтай қайта жазып шығу. Кейде, әсірелеп айтқанда, авторды шылаулар арқылы түсіну, — дейді ақын.
Еділбектің аудармалары бір төбе болса, поэзиядағы орны бір төбе. Мұны белгілі жазушы Ырысбек Дәбейдің пікірінен анық аңғаруға болады.
Экзистенция фрустрациясына көбірек ұрынып, нигилистік философияға әуес болуды бір жағынан рухани жетістік деп қараған да жөн шығар. Өйткені ішкі жалғыздықтың жанайқайын құрғақ байбалам емес, тегеурінді сөз, тосын оймен жеткізу – интеллектуалды тазалық екенін сау қоғамның есті адамдары әлдеқашан айтып кеткен. Еділбек жырларын оқып отырғанда осы құбылыс жас ақын шығармаларынан бірден байқалады. Өте сезімтал адам басына түсетін бұл «дерттің» сипатын интеллектің күшімен бірге, эмоцияның қуаты да көрсетіп тұрады. Жақсы ақынға тән осы қасиет автордың «ҚЫС. ДАҒАДЖУККЕ ОРАЛУ», «ТҮН. МЕЛАНХОЛИЯ» секілді өлеңдерінен анық көрінеді. Оның өлеңдеріндегі ой сонылығы, еркін форма ақынның эстетикалық талғамын, сыртқы дүниеге ұмтылысын байқатады. Сананың бақылауынсыз, таза өнер ожданымен осындай ізденсітерге бару, әрине, оқырманға жақсы көңіл күй сыйлап ғана қоймай, көркемдік кеңістігіне де әсер етеді. Бірақ осы ісденістер шартты түрде бақылауға алынған кейбір ережелердің бұ дүниелік «сыңғырынан» әманда биік тұрғаны абзал. Ақын поэзиясындағы поэтикалық панорама осы еркіндіктің де ауылы алыс емес екендігін аңғартады, — дейді Ырысбек Дәбей.
Мақала Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының «Ұрпақтар сабақтастығын және Қазақстан халқының дәстүрлерін танымал етуді қамтамасыз ету жөніндегі шаралар кешенін іске асыру» мемлекеттік гранты аясында «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің қолдауымен «Жетістіктің тарихы» жобасы аясында әзірленді.
Ақпарат дереккөзі: https://massaget.kz/blogs/28307