Уранды қоса есептемегенде, қатты пайдалы қазбалар бойынша аукциондар электрондық түрде өткізілетін болады. Бұл тетік рәсімдерді оңтайландыруға және ашық етуге, сондай-ақ бизнес үшін де, мемлекет үшін де шығындарды айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Аукционды өткізуді электрондық форматқа ауыстыру үшін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2018 жылғы 11 мамырдағы №315 «Пайдалы қатты қазбаларды барлау немесе өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу үшін жер қойнауы учаскелері бойынша аукцион өткізу қағидаларын бекіту туралы» және 2018 жылғы 11 мамырдағы №316 «Бірдей басымдығы бар өтініш берушілер арасында аукцион өткізу қағидаларын бекіту туралы» бұйрықтарға тиісті өзгертулер енгізілген болатын. Бүгінде бұйрықтар мүдделі мемлекеттік органдармен келісу рәсімдерінен өтуде.
Айта кетерлігі, жаңа редакциядағы бұйрықтар бірыңғай оператор туралы мәліметтермен толықтырылды. Осылайша, аукциондарға қатысу үшін кепілдік жарнаның талапқа енгізілуі процеске қатысушылардың аукцион рәсімдерін теріс пайдалануы мен түрлі айла-шарғыларды болдырмауға мүмкіндік береді.