«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалында Конституция күніне орай «Ата Заңым — айбыным» атты дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынды аталған партия филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат ашып, қатысушыларды мерекемен құттықтап, еліміздің Негізгі заңы жайлы ой бөлісуге шақырды.
Ол одан ары Елбасының биылғы қаңтар айында Қазақстан халқына Үндеу жолдап, конституциялық реформа жүргізілгенін, соған сәйкес, Негізгі құжатымыз – Ата заңға өзгерістер енгізілгенін, ол билік тармақтары арасында өкілеттілікті қайта бөлу туралы болғанын,осыған орай 51 адамнан тұратын спикерлер пулы жасақталып, түрлі мекеме, ұйымдарда партияның ашық жиналыстары өткізілгенін сөз етті. Нәтижесінде көпшілік Заңға енгізілген өзгерістерден толық хабардар болып, еліміздегі саяси өзгерістер туралы өздерінің көзқарастарын қалыптастырған.
Еліміздің Ата Заңы – барлық мәселелерді қамтыған маңызды құжат. Жиында еліміздің Негізгі құжатының мәртебесі ешқашан аласармайтыны айтылды.
Мұнан соң облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Дәурен Дайрабаев сөз алып, еліміздің Конституциясы барша тұрғындардың құқығын тең қорғап, мемлекетіміздің әділет жолымен өркендеуіне зор ықпалын тигізіп отырғанын, оған күнделікті жұмыс барысында көз жеткізгенін айтты.
Жиынды Шәбден Тілеумұрат қорытындылап, басқосуда көптеген ойлар, ұсыныстар айтылғанын сөз етті.
Сондай-ақ ол: «Ата Заңға деген құрмет өңірдің әр азаматының бойында жалындап тұруы тиіс, ол үшін жүрегімізде елге деген құрмет болуы қажет», деп жиынға қатысушыларға алғыс білдірді.