Қаржы қайда жұмсалған?
ҚМА мәліметінше, баланың бейнероликтері, әсерлі жазбалар Instagram және Facebook желілері арқылы мыңдаған қазақстандықтың жүрегіне әсер еткен.
«Азаматтардың сенімі мен жанашырлығын пайдалана отырып, күдіктілер 1,3 млрд теңгеден аса қаражат жинаған. Алайда баланың еміне тек 6,4 миллион теңге жұмсалған. Қалған қаражатты ерлі-зайыпты жеке қажеттіліктеріне пайдаланған. Елордадан 3 пәтер, жер телімі, 5 көлік сатып алған. Сонымен қатар, қаражаттың бір бөлігі құмар ойындарына жұмсалған. Қайырымдылық қаржысын тұрақты түрде алып отыру үшін олар келіп түскен қаражаттың үштен бір бөлігін (481 миллион теңгеден аса) әлеуметтік желідегі парақшаларын жарнамалауға бағыттаған. Meta Ads арқылы жүргізілген жарнама аудиторияны едәуір кеңейтіп, қайырымдылық көлемін арттыруға мүмкіндік берген», — деп жазылған хабарламада.
Алаяқтық схемасы
Күдіктілер Түркиядағы LIV Hospital клиникасында 84 миллион теңге тұратын ота жасатамыз деген желеуді де пайдаланған.
«Қажет сома жиналғанымен, шетелде ота жасалмаған. Керісінше олар Instagram парақшасында әуежайдан «ұшып бара жатқан» көріністі бейнелейтін ролик жариялап, «ота сәтті өтті» деген жалған ақпаратпен жазба салған», — деп жазылған хабарламада.
«Мүлкін басқа адамға рәсімдеген»
Агенттік мәліметіне сүйенсек, соталды тергеп-тексеру басталғанын білген олар мүлкін жасыру мақсатында жер телімін үшінші тұлғаның атына рәсімдеген.
«Алайда тергеу бұл мәміле жалған екенін дәлелдеді. Сот санкциясымен қылмыстық жолмен алынған мүліктің барлығына тыйым салынды. Күдіктілерге бұлтартпау шарасы ретінде үйқамақ түрі таңдалды», — деп жазылған хабарламада.
Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр.