Облыс әкімі Тараз қаласындағы күрделі жөндеуді қажет ететін мектептерді аралады
Тараз қаласы мен аудандардағы бірқатар білім ошағының тозуына қатысты соңғы кездері әлеуметтік желілерде ата-аналар тарапынан көптеген шағымдар мен мәселелер көтерілген болатын.
Осыған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев облыс орталығындағы бірқатар мектептің жағдайымен танысты.
Аймақ басшысы алдымен Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназияға барды. Оқу ордасының негізгі ғимараты 1971 жылы пайдалануға берілген. Қазіргі таңда 2600-ге жуық бала білім алуда. Білім ошағының жөндеуді қажет ететініне назар аударған аймақ басшысы жауаптыларға жұмыстарды ертерек бастап, оның сапасын барынша бақылауға алуды тапсырды.
Сондай-ақ Ербол Қарашөкеев 1979 жылы қолданысқа берілген №13 орта мектепті, Б.Момышұлы атындағы №45 гимназияның 1986 жылы тапсырылған 2 корпусын, 1975 жылы ашылған №25 орта мектепті аралап, жай-күйіне мұқият көңіл бөлді.
Облыс әкімі жауаптыларға білім беру нысандарын жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарын бекітілген мерзімнен кешікпей, сапалы жүргізу қажеттігін, құрылыс кезінде балалар қауіпсіздігіне жіті көңіл бөлу керектігін барынша ескертті. Сонымен қатар бюджет мүмкіншілігін ескере отырып, облыстағы тозығы жеткен білім ошақтарын өзектілігіне қарай кезең-кезеңімен жөндеуден өткізілетінін атап өтті.
Айта кетейік, Жамбыл облысында биыл 26 білім беру нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Оның ішінде 21 білім беру нысаны (11 мектеп, 10 мектепке қосымша ғимарат) ағымдағы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде. Нәтижесінде 1 апатты, 1 үш аусымды, 7 оқушы орны тапшылығы бар, 10 тозығы жеткен және 7 спортзал, асханасы жоқ мектептің мәселесін шешу жоспарлануда.
Бұдан бөлек, облыс аумағындағы 10 мектепті күрделі жөндеуге 7,3 млрд. теңге қаралып отыр.
Жамбыл облысының әкімдігі