Әуелі жиналған жұртшылық Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұранын асқақтата орындап, көк Тудың көкте қалықтауын зор мақтанышпен тамашалады.
Өңір басшысы барша жамбылдықты Мемлекеттік рәміздер күнімен құттықтап, мерекенің мән-маңызына тоқталып, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұран — егемендігіміздің нышаны, ұлт рухының көрінісі. Егемен еліміздің көк байрағы желбіреп, Елтаңбамыз төрден орын алып, Әнұранымыз шырқалған сәтте толқымайтын жан, тебіренбейтін жүрек жоқ шығар. Қасиетті рәміздерімізде бабаларымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегі мен мақсат-мұраты тоғысқан. Бүгінде елімізде түрлі этнос өкілдері ортақ шаңырақтың астында бірлік пен бейбіт өмір сүріп келеді. Бүгінгі шара – осы тұтастықты, тұрақтылық пен бірлікті одан әрі нығайтуға зор үлес қосатынына сенімім мол, – деді облыс әкімі.
Салтанатты жиын барысында патриоттық тәрбие мен отансүйгіштікті насихаттауға сүбелі үлес қосқан бірқатар азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңы мерекелік концертке ұласты.
Айта кетейік, Мемлекеттік рәміздер күні Жамбыл облысының барлық аудандарында кең көлемде аталып өтті.
Жамбыл облысының әкімдігі