ҚР Тәуелсіздік күні және «Алаш» қозғалысына 100 жыл толуына орай Иманжүсіп Құтпанұлына арналған «Тәуелсіздік жолындағы күрескер» атты дөңгелек үстел өтті.
Ж.Жабаев атындағы «Руханият» орталығында өткен шараны «Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы» мекемесі ұйымдастырды. Басқосуға аймақтағы жоғары оқу орындарының оқытушылары мен тарихшылар қатысты. Ал жиынды аталған мекеменің бөлім меңгерушісі Сауран Қалиев ашып жүргізіп отырды. Ол сөзінде биыл қазақ жерінде ең алғаш рет демократиялық, халықтық Алашорда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отырғанын тілге тиек етіп, 1917 жылы желтоқсанда Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ құрылтайы өткенін жеткізді.
– Қатпарлы қалың әдебиетімізді жасаушылар – көмейіне ой құйылған дархан даламыздың дарабоз дарындары мен таланттары қай заманда да қай заманда да дәріптелері сөзсіз. Біз сөз еткелі отырған сал серілер поэзиясының алып өкілдерінің бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы. Өлшеулі өмірінде тағдардың небір қиыншылығын көріп, әділетсіздікке жан-дүниесін қарсы боп өткен ірі ақын, арқалы әнші, ұлы өнердің биік тұлғасы, – деді Сауран Қалиұлы. Мұнан соң М.Х.Дулати атындағы ТарМУ кафедра меңгерушісі, доцент Сейдахан Бақторазов сөз тізгіндеп, халқымыздың тарихына кеңінен тоқталды. Сондай-ақ ол тәуелсіздік үшін күресте Алаштықтардың маңызы зор екендігін сөз етіп, ондағы басты мәселе жер болғандығын жеткізді. Ол қозғалыста белсенділік танытқан Ә.Бөкейханов, М.Тынышбаев секілді тұлғаларды атап өтіп, оның ішінде Иманжүсіп Құтпанұлының сіңірген еңбегін мәлім етті. Сондай-ақ М.Х.Дулати атындағы ТарМУ оқытушысы Дархан Байдалиев те тақырып төңірегінде ой өрбітіп, Алаш партиясы туралы хабарлама жасады.
TURANINFO.KZ