Алқабилердің қатысуымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған Б.Е.-ге қатысты сот үкім жариялады.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында, алқабилердің қатысуымен, Қылмыстық кодекстің (әрі қарай ҚК) 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша айыпталушы Б.Е.-ге қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотпен не анықталды:
Жасы кәмелетке толмаған Б.Е. 2011 жылы әкесі сырқаттан қайтыс болғаннан кейін, толық емес отбасы ретінде анасы және жәбірленуші ағасы Ә.М.-мен бірге тұрған.
Содан, 2023 жылдың мамыр айының 5-нен 6-на қараған түні сағат 00:00 шамасында, жәбірленуші Ә.М. үйінде анасы ем қабылдауға Тараз қаласына кеткенін пайдаланып, алкогольді масаң күйде келіп, ескі әдетіне басып, кәмелетке толмаған Б.Е.-ні ұйқысынан оятып алып, оны балағаттап ұра бастаған. Осылайша кәмелетке толмаған Б.Е. ағасы Ә.М.-нің өзін балағаттауын 3 сағат уақыттай жатын бөлмесінде отырып тыңдаған. Артынша сағат 03:00 шамасында кәмелетке толмаған Б.Е. орнынан тұрып, ас бөлмесіне қарай бағыттаған. Кәмелетке толмаған Б.Е.-нің бұл әрекетіне разы болмаған ағасы Ә.М. оның артынан барып, ас бөлмесінде тұрған қазанды қолына алып, Б.Е.-ге қарай лақтырғанда соңғының арқасына тиіп, қазанның ішінен үй-шаруашылық пышағы еденге түскен. Өз кезегінде Б.Е. аталған пышақты еденнен оң қолына алған кезде, жәбірленуші Ә.М. оның қасына жақындап, бір қолымен Б.Е.-ның пышақ ұстап тұрған қолын ұстап, екінші қолымен мойынынан ұстап қылқындыра бастаған. Осы кезде Б.Е. өзіне қатысты қол сұғушылықты тойтару және болдырмау мақсатында, пышақ ұстап тұрған қолын тартып алып, қолындағы пышақпен қажетті қорғаныстың шегінен шыға отырып, өзін қылқындырып жатқан ағасының сол жақ мойынының артқы бетіне, кеуде қуысының екі жағына соққылар жасап, өміріне қауіпті ауыр дене жарақаттарын және басына, бетіне денесінің артқы бетіне, сол жақ қолына көптеген ішіне енбей жараланған денсаулығына жеңіл дене жарақатын келтірген. Нәтижесінде, жәбірленуші Ә.М. алған ауыр дене жарақаттарынан сол жерде қайтыс болған. Алқабилер кесімімен кәмелетке толмаған сотталушы Б.Е. жәбірленуші Ә.М.-нің алған ауыр дене жарақаттарынан сол жерде қайтыс болғандығына кінәлі деп танылды.
Алқабилер қатысқан сотта қылмыстық істі сот тергеуінде қарау нәтижесі бойынша, алқабилермен, кәмелетке толмаған сотталушы Б.Е. жәбірленуші Ә.М.-нің тарапынан өзінің өмірі мен денсаулығына туындаған қауіптен құтылу үшін қажетті қорғанудың шегінен шыға отырып, жәбірленуші Ә.М.-ге пышақпен соққылар жасап, соққылар әсерінен оның өліміне әкелгендігіне кінәлі деп танылғанына байланысты оның әрекеттері ҚК-нің 102-бабымен сараланды.
Тараптардың позициясы:
Прокурор сотталушы Б.Е.-ге 7 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады.
Сот отырысында сотталушы Б.Е. жасаған іс-әрекетіне шын ниетпен өкінетінін жеткізді.
Дәлелдемелер бойынша:
Жасаған іс-әрекеті тергеп-тексеру амалдары жүргізілу барысында толтырылған процессуалдық құжаттармен, іс бойынша сұралған куәлердің жауаптарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және басты сот талқылауында зерделенген қылмыстық істің процессуалдық өзге де материалдарымен дәлелденді.
Сот шешімі:
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде, сот оның іс-әрекетіне шын ниетпен өкінетінін, қылмыс жасаған кезде жасы 16-да болғанын, тұрғылықты жерінен жақсы жағынан мінезделетінін, жәбірленушінің оны кешіріп отырғанын табады.
Қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.
Кәмелетке толмаған сотталушының іс-әрекеттері онша ауыр емес қылмыс санатына жатады, алайда оның жасаған қылмысы адамды қазаға ұшыратуға байланысты болғандықтан бас бостандығынан айырудан гөрі онша қатаң емес жазаның негізгі түрін тағайындауға негіз жоқтығын ескеріп, алқабилер мен сот, сотталушы Б.Е.-ге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау қажет деп шешті.
Сот үкімімен ҚК-нің 102-бабы бойынша Б.Е.-ге кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтей отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі