Айтыстың аламанында өзінің өршіл рухы мен ұшқыр талантының арқасында айы оңынан туып, қос мәрте «Алтын домбыра» иегері атанған қызылордалық ақын Мұхтар Ниязовты бүгінде иісі қазақтың бəрі таниды. Тараз топырағында өтіп жатқан «Жамбыл — менің жай атым, халық — менің шын атым» атты республикалық жыр додасына бақ сынай келген Сыр сүлейімен сұхбаттасудың сәті түсіп, санадағы сауалдарымызға жауап іздеп көрген едік. — Тарихи Таразға, Әулиеатаға өңіріне қош келдіңіз! Жалпы Тараз десе ойыңызға алдымен не оралады?
— Неге екенін қайдам, ол заманда болмасам да Тараз дегенде көз алдыма қашанда көне шығыстық үлгідегі қалалар, тартып бара жатқан керуендер елестейді. Көне Тараз деген тіркесте «көне» деген сөз әрдайым қатар айтылады. Себебі бұл басқа қалалардан бөлек ерекше айтылатын шаһар. 2000 жылдық тарихын жиі тілге тиек етеміз ғой. Қазақ хандығының 550 жылдық тойын айтойлап тойладық. Сол 550 жылдықтың өзі осы өңірден, Шудан бастау алса, жалпы Тараздың тарихы 2000 жылдан аса уақытты артқа тастап отыр. Көптеген евроцентристік көзқарастарда бізді тек орыстардың қолтығына кіргеннен кейін ғана ел болған деп немесе көшпенді мәдениеттің отырықшы мәдениеттен төмендігін жиі айтып жатады. Ал, Тараз көптеген қатаң қағидаларды бұзатын, әлемге көрсететін үлкен тарихымыз деп айтсақ болады. Европада осы жердегідей тарихи жәдігерлердің үлгілері болса, олар әлдеқашан әлемге сенсация жасаған болар еді. Кейбір жағдайда өзіміздің техникамыздың немесе салт санамыздың әлдеде болса әлемдік көшке іліге алмауы Тараздың көп мүмкіндіктерін көрсете алмай жатыр. Тараз мен үшін Қазақстанның әлем алдындағы көнеден келе жатқан мәдениетіміздің, дәстүріміздің, ғұрпымыздың үлкен паспорты сияқты.
— «Ақынға керек ақыл көп,
Асаулық керек аздаған» — дейді Қадір атамыз. Сіз ел алдында көп жүресіз. Халық сізді Сырдың сүлейі, дара ақыны деп ардақтайды. Осы тұста адамдық пен ақындықтың таразысын тең ұстаудың қиындық тудыратын сәттері жиі бола ма?
— Жаңағы жолдары Қадір Мырзалиев ағамыз алғашқы нұсқасында «Айтамыз біздер ақын деп, адамды от боп маздаған, ақынға керек ақыл көп, жындылық керек аздаған» деп жазған. Кейініректе Зейнолла Қабдолов ағамыз «жындылық» сөзінің мағынасы басқа деп «асаулық»-қа ауыстырған. Үйдегі балалардың кейде көп бұзықшылық жасап, ата-анасын жиі шаршататындарынан психология мен педагогикада ерекше балалар шығады деп жатады. Себебі ол баланың бойында алаулап тұрған еркіндік, азаттыққа деген ұмтылыс бар. «Болсам» деген ынжықтықтан гөрі ерекше бір от болады. Ақындар да қоғамдағы сондай тентектер. Оларды ауыздықтаудың, баса берудің қажеті жоқ. Керісінше қоғамның игілігіне түрлі методикалық жолдармен оларды пайдалану керек деп ойлаймын. Кейбір жағдайда бізде ақындықты бойындағы артық лимит ретінде пайдаланатын адамдар бар. Халықтың ерекше ықыласын өзіне ыңғайлап алатын ақындар да бар. Әртүрлі пафосқа салғанымызбен ақынның екі аяқты, жұмыр басты адам екенін ұмытпауымыз керек. Себебі әр адам бойындағы қабілетін пышақ сияқты біреуге қанын ағызып сұғып ала алады немесе ретін тауып дұрыс жерге жұмсай алады. Сенің сұрағыңа орай айтайын дегенім – Бернард Шоудың «біз адамдар ракетамен ұшуды үйрендік, балық құсап жүзуді үйрендік, енді бізге адамдықты үйрену керек» деген сөзі бар. Осы сынды заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың «адамға ең қиыны күнде адам болып қалу» деген сөзі де ойға оралып отыр, Осы ұстаным ақыны бар, ақын емесі бар, кез-келген шығармашылық өкіліне керек. Күн сайын адамның адам болып қалуы оңай емес. Осы туралы хадисте де «Керемет мұсылман болып, ертеңіне төмен деңгейге түсіп кетіп отырғанға қарағанда жиі қайталанатын, үздіксіз жасалатын ізгі амалдар адамды ізгілікке жеткізеді» деп айтылады. Сайдың суындай бір күні тасып төгіліп, бір күні құрғап жатқаннан гөрі жылжып болса да жаймен ізгі амалдарды орта деңгейде жалғастырған жөн. Кейбір дүниенің адамды тасытатын кездері болады. Кейде қолыңда тосыннан дүние табылып қалады. Ал, кейде керісінше қолыңдағыдан айрылып қалатын сәттер болады. Осындай сәттерде емін еркін болу үшін адамға біртоғалық, бір сарын, қарапайымдылық керек деп ойлаймын.
— Сіз өзіңіздің бір сұхбатыңызда шәкірт тәрбиелеп жүргеніңізді тілге тиек еттіңіз. Осы тұста өзіңіздің ұстаздарыңыз туралы, шәкірттеріңіз туралы бір ауыз айтып берсеңіз.
— «Өмір деген ұстаз бар, бәріміз де шәкіртпіз» деген аталы сөз бар. Мен көп сұхбаттарымда өз ауылымда Мәлика деген қазақ әдебиеті пәнінен беретін мұғалімім сабақ бермегенде осы деңгейге жетер ме едім деп жиі айтамын. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі қалай сөйлеу керектігін, тіпті оның қазаққа тән ым-ишарасына дейін түсіндіруі менің бойыма мол күш-қуат дарытты. Одан кейін өз деңгейімен ауданда Мәлік Аяқов, Ханшагүл Мұстафаева деген кісілердің қолынан өттік. Олардан соң облысқа келгенде Дүйсенбек Аяшұлы, Серік Ыдырысов, Айбек Тәңірбергенов, Мамырбай Дәулетов, Айдос Рахметов сынды ағаларымыз болды. Республикаға келгенде осы өңірдегі Ахметжан Өзбеков, Бекарыс Шойбеков сынды ағаларымыздан көптеген тәлім тәрбие алдық. Бүгінгі күні әлдеде болса кімнің бойында жалт еткен жақсылық бар, жас айырмашылығына қарамастан, сол жақсылық маған ұстаз болуға жеткілікті. Өзіміздің шәкірттерімізге келетін болсақ, аға деп қасыма келген баланың талабын қайтарған жерім жоқ. Талай баланы шәкірт етіп қанаттандырып, үйіме де қондырып, мемлекеттен жеңілдіктер, айлық сұрамай ақ, «мен шәкірт тәрбиелеймін» — деп аттандамай ақ, үйімізде төрт бала болса бесіншісі, алты бала болса алтыншысы етіп тәрбиеледік, Осында жүрген Мейірбек Сұлтанхандардың өзі алтыншы сыныпта жүргенде менің үйіме келіп ізденіп жүрді. Бүгінге дейін Қайнар Алагөзов бауырымыз, Сырым Әділбек інім, бүгінде әр тарапта жыр жазып жүрген Мөлдір Айтбай сынды қарындасымыз біздерге шәкірт болып, тәлім алып келді. Мұнан өзге әр салада қаншама балалар жүр. Олар тіпті ақын болмай ақ қойсын, екінің бірі ғана емес қоғамдағы үлкен тұлға болып, ертең төрт бес адамның алдынан шыққанда өзінің сөзімен халықты өзіне ұйыта алатын болса екен деген тілегіміз бар. Әлемге әйгілі Цицерон мемлекет басқаратын, басшылыққа тағайындалатын адамдардың бойындағы бірнеше факторларды айта келіп, соның ең көш басында шешендік өнердің тұратынын айтады. Өйткені кез-келген басшы адам өз қарамағындағы адамдарды қызыл сөзбен емес, сапалы сөз саптаумен ұйымдастыра алады. Біз сөзге тоқтаған халықпыз. Соңымыздағы шәкірттерді де айналасын сөзге ұйыта алатын, жөн сөзге тоқтай алатын етіп өсіріп жатырмыз. Олардың өз бағасы уақытпен анықталады деп ойлаймын.
— Сіз алдымен жазба ақын болдыңыз. Шабыт фестиваліне қатысып дипломант атанған кезіңіз бар. Әлдеде поэзияға қалам тартқыңыз келе ме?
— Мұхтар Шахановтың «Өнерге келсең қарағым, ізіңді сал елсізге. Іссіз адамдар өнерде толып жатыр сенсізде» деген өлеңі бар ғой. Сол сияқты менің көкейімде адам бір жерде ортанқол болып жүруге болмайды деген нәрсе бар. Әлбетте көптің бірі болып жүре беруге болады. Әлбетте қағаз бен қалам адамның еркіне бағынбайды. Кей жағдайда «Өлеңге айтып қойыппын, өмірдің айтпа дегенін» деп Қадір атамыз айтқандай, шынында ақындардың қылышпен айта алмаған шыңдығын қаламмен айтып салатын кездері болады. Мұндай кезде романтика, лирика деген нәрсе жастықтың желігі сияқты. Поэзия махаббатпен басталып, парасатпен аяқталады дейді ғой. Парасатты поэзияның буыны пісіп жетілсе біз соған үн қоссақ деген ниеттеміз. Себебі жеке бастағы лиризм, жеке бастағы романтизм әр адамның өзінің жеке мәселесі. Ол арқылы өзі миы ашып жүрген халықтың одан сайын миын ашытып, шаршап жүрген қыздардың одан сайын буынына түсіп, сөзге еліктеп жүрген аруларды одан сайын жынды қылудың меніңше ешқандай қажеттілігі жоқ. Поэзияға шамам жеткенше атсалыстым. Фариза апамыздың қолынан үлкен алғыс алдым. 23 жасымда Атырауда Жұмекен Нәжімеденов атындағы байқауға қатысып Табылды Досымов ағамыздың қолынан жүлдеге ие болдым. Жалпы мұнан өзге бірнеше байқауларда поэзия бойынша қатысқан болатынмын. Қазіргі күні де арасында қағазға жазып тұрамын. Бірақ іштей өзімді еуропалық стильде жазатын ақындарға немесе постмодернист ақындарға емес, өзіміздің сыр сүлейлеріндей, Майлықожалар секілді, қазақтың танымындағы, сол еуропадағы озық көзқарасты қазақтың қалпына құйып беретін дәстүрлі, халықты жалықтырмайтын, қысқа да нұсқа, ұтымды ойларға құралатын, Қадір ағамыздың жолындағы, сол тақілеттес шығармалар жазсам деймін. Ал жалпы поэзияға өз мұңыңды шаға беру әлсіздік деп ойлаймын.
— Поэзия туралы сөз қозғап отырмыз ғой. Осы тұста «сөзің киесі» деген ұғымды қалай түсінесіз?
— Орысша «мысли матерелизуются» дейді ғой. Бұл қолдан ерекше жасалған ілім емес. Жалпы адамның сөзі – өзі. Сөзді жәй сөз деп қарауға болмайды. Мысалы ғалымдар қазір стаканға су құйып, оған жақсы сөздер айтып ішсе ол ем болатынын, суға дем салып ішсе пайдалы екендігін айтады ғой. Судың өзіне адамның энергиясы әсер етеді. Сөз деген адамның жанының көрінбейтін бөлшегі ғой. Адамның екі иығында екі періште болады. Олар сенің қалжыңыңды түсінбейді. Оларға міндеттелген нәрсе адамның аузынан шыққан нәрсені жазып отыру. Пайғамбарымыздың өзі «Сөйлесеңдер пайдалы сөз сөйлеңдер, сөйлемесеңдер үндемеңдер» дейді. Осы сөзді естігенде сахабаларымыздың тілінің астына тас бастырып жүретіні жайдан жай емес. Бір сөзбен адам тозақтық, бір сөзбен адам жәннәттық болып кетуі мүмкін. Бір сөз бүкіл тағдырыңды шешіп кетуі мүмкін. Ақын екенмін деп ауызға сымайтын сөздің бәрін айта беру меніңше сөздің жауапкершілігін кетіреді деп ойлаймын. Аз сөйлегенде де саз сөйлеп, қажеттіліктен тыс мақсатта мен ақын едім деп бүкіл тағдырды қолдан жасап немесе халыққа аянышты болып көріну үшін түрлі лирикалық кейіпкерді ойлап тауып, соның соңында еңіреп жүру қазақ жігітіне қазіргідей ақпараттық соғыс заманында өте қауіпті. Бұл заманда ақындарымыздың шашын артқа қайырып қойып, кафелерде еркелеп жүретін уақыты өтті деп ойлаймын. Қазір бізге түрлі кәсіптерді бастау керек. Қазір бізге отбасын асырау керек, әулетке үлгі болу керек. Ақындығың азаматтық позицияңмен сыналу керек деп ойлаймын. Жетпей жүрген жерлерді ғана сөзбен жеткізсе ғана жігіттердің бойындағы үлкен асыл қасиет осы болар еді деп ойлаймын.
— Сіздің ойыңызша төл өнеріміз айтыс бүгінгі күні «аққу, шортан һәм шаянның» күйін кешіп тұрған жоқ па? Нені меңзеп тұрғанымды біліп отырған боларсыз.
— Айтыс – демократиялық өнер. Оны қолмен ұстап тұру жалаң қолмен қылыш ұстау сияқты нәрсе. Бірақ біз мынаны түсінуіміз керек. Қазақ айтысы қанша жерден асау өнер дегенімізбен қазақтың бірлігіне ғана қызмет жасауы керек. Біз қазір жер бетінде жалғыз өмір сүріп жатқан айталтақ халық емеспіз. Мың жерден демократиялық өнер дегенмен әр сөзіміз өзімізге ертең бәле болып жабыса салатынын, бізге соғыс ашуға сылтау таба алмай отырған қаншама халықтың бар екенін, бір ғана қытай елінде қазақтарға қатысты 18-20 институттың жұмыс істеп тұрғанын, бір ауыз сөздің әсерінен ел алаңға шығып кетпеуі үшін қазіргі саяси жағдайды терең түсінетін сауатты ақындар керек. Әрбір сөздің зардабын есептеп, өлшей білетін ақындар керек. Бильярд ойнайтындарда «мышечная память» деген бар. Оған ақыл араласпайды. Бір шар екінші шарға соғып, үшінші шардың дөңгелекке кіретінін бұлшық ет сезіп тұрады. Сол сияқты біздің тілімізде де айтылатын сөздің зардабын есептеп тұратын өлшеуіш барометр болу керек. Қазір айтысты әркім әртүрлі мақсатта пайдаланып жатыр. Әлбетте айтыс бір орталықтан, бір Жүрсін ағамыздың айтқанынан шықпай, бір адамға қадалып қалатын өнер емес. Бірақ ақындардың топ-топқа бөлініп кетуі, түрлі топтардың сойылын соғып кетуі, сырттағы біздің бірлігімізді бұзып, соған ақша салуға мүдделі болып отырған адамдардың жұмыс істеуіне жағдай жасап кетуіне біз мүмкіндік бермеуіміз керек. Әрбір қазақ ақынына бір сәттегі ақшадан гөрі елдің тыныштығы қымбат. Кешегі Жамбыл бабамыздың «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің» деген сөздің күші майданда оқ пен судың ортасындағы қаншама жауынгерді бір орында ұстап тұрды. Бұл тұста айтарым, ақындар – халықтың бір өкілі, ел қандай болса – ақын сондай. Халық қандай болса – айтыс сондай.
— Жамбылдық айтыскерлерге деген көзқарасыңыз қандай? Әулиеатаның ақындарының бүгінгі екпіні қалай сізге?
— Бұл — Жамбыл деген ақынның атымен аталатын жалғыз ерекше өңір. Бұл жердің ақындарына бірдеңе деп айту үшін де бізге абайлап сөйлеу керек деп ойлаймын. Жамбылдың ақындары бүгін жолдан табылған балалар емес. Бұлардың бәрінің мектебі бар, ізі бар, қанша уақыттан бері қалыптасып келе жатқан дәстүрі бар. Әрісі кешегі Жамбылдардан, Кененнен жалғасқан, бергісі Шорабек, Серік Қалиев ағамызға жалғасқан, айтысқа ешкім жасамаған реформаны жасаған Мұхаммеджан Тазабеков ағамыз, Ахметжан Өзбеков, Айнұр Тұрсынбаева, оларға жалғасқан жүкті Олжас Отар, Есет Досалы ағаларымыз алып келсе, Алтынкүл, Күміскүл апаларымыздың ізінде, Жамбылдың жас буыны Дархан, Нұрлыбек, Рай, Әсет сынды бауырларымызбен Аруна Керімбек сынды қарындастарымыз барда бұл жердегі айтыстың туы жаңа биікке көтеріледі деп ойлаймын. Менің Жамбылдың емес, барлық жас ақындарға тағатын сыным бар. Тек қана қызыл сөздің қымызын сапырып жүре бермей, сөзді сүйекке сіңдіру деген нәрсе жас ақындарға жетіспей жатыр. Сөз танитын адамды жағалап іздеу, оны сіңіру жас буын інілерімізге ауадай қажет. Айтыс кезінде ағаларымызға амандасып, Нұрлан Мұсаев бауырымыз айтқандай айтыстан соң шамын жаққан бөлменің құрт-құмырсқасы сияқтанбай, сөз үйреніп, адам жағалап, әр адамның тілінен тіркес іздеу, ойдан маңызын теру деген нәрсе Жамбылдың ақындарына да айтылатын ортақ кемшілік. Осыны мына Руханият орталығы жолға қояды деген ойдамын. Бір Ахметжан ағамыздың айналасында алатын дүние көп. Атап өткен ақындардың бәрінен үлкен үміт күтеміз.
— Салиқалы сұхбат үшін көп рақмет!
Арайлы Жақсылық.