Парламент Сенаты Жоғарғы Сот төрағасы лауазымына ұсынылған Асанов Жақып Қажманұлының кандидатурасын қолдады. Бұл туралы Ақорданың твиттердегі парақшасында хабарланды. Жақып Қажыманұлы Асанов 1963 жылы 17 тамызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. С.М.Киров атындағы Қазақ Мемлекеттік университетін «құқықтану» мамандығы бойынша аяқтаған. Университетті аяқтағаннан кейін Қызылорда облыстық адвокаттар коллегиясына тағылымдамашы болып қабылданады. 1986 жылдан 1993 жылға дейін Қызылорда облысының прокуратура органдарында қызмет атқарып, Қызылорда қаласы прокурорының аға көмекшісі, облыс прокурорының көмекшісі, аға көмекшісі және облыстық прокуратураның бөлім бастығы лауазымдарында жұмыс істеді. 1993 жылдан 1994 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы Жалпы қадағалау басқармасының аға прокуроры, Жалпы қадағалау басқармасының банктер, қаржы-несие саласындағы және тексеру органдарындағы заңнаманың сақталуын қадағалау бөлімінің бастығы қызметтерін атқарады. 1994 жылдың қараша айынан 1996 жылдың қарашасына дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Заңдылық, құқықтық тәртіп және сот реформасын қамтамасыз ету бөлімінде консультант, сектор меңгерушісі болып жұмыс істейді. 1996 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Салық полициясы басқармасы бастығының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалады. 1997 жылдан 2001 жылға дейін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасында Бас Прокурордың аға көмекшісі — Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасы бастығының орынбасары, кейін осы басқарманың бастығы, одан кейін Бас прокуратураның Мемлекеттік органдар қызметіндегі заңдылықты қадағалау департаментінің бастығы қызметіне тағайындалады. 2001 жылғы ақпаннан 2002 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары, ал 2002 жылдың ақпан айынан 2003 жылдың маусым айына дейін Павлодар облысының прокуроры болып қызмет атқарады. 2003 жылдың маусым айында Асанов Ж.Қ. Қазақстан Республикасының Әділет вице-министрі қызметіне тағайындалады. 2005 жылдан 2006 жылға дейін Қазақстан кәсіпкерлері мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Жалпыұлттық Одағының атқарушы директорының орынбасары, «Қазақстан коммуналдық жүйелері» АҚ-ның директорлар кеңесінің төрағасы, «Ордабасы» корпорациясы» АҚ-ның президенті және директорлар кеңесінің мүшесі қызметтерін атқарды. 2007 жылдан 2012 жылға дейін «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің IV және V шақырылымдарының депутаты, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі болды. 2012 жылдың 6 қыркүйегінде Мемлекет басшысының Өкімімен Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары болып тағайындалды. 2016 жылғы 25 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры лауазымына тағайындалды. Сыныптық шені — 2-ші дәрежелі мемлекеттік әділет кеңесшісі. Заң ғылымдарының кандидаты. «Құрмет» орденімен, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстан Республикасы прокуратурасының Құрметті қызметкері» омырау белігісімен марапатталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ҚР Парламенті Сенатына Қайрат Пернешұлы Қожамжаровтың кандидатурасын Бас прокурор лауазымына ұсынды, деп хабарлайды Ақорданың Твиттердегі парақшасына сілтеме жасап.
«ҚР Парламенті Сенаты Бас прокурор лауазымына ұсынылған Қайрат Пернешұлы Қожамжаровтың кандидатурасын қолдады», делінген хабарламада. Қайрат Пернешұлы Тараз қаласында 1965 жылы 24 наурызда дүниеге келген. А.Жданов атындағы Ленинград мемлекеттік университетін бітірген. 1987 жылдан бастап 1995 жылға дейін Қазақстан Республикасы прокуратурасының органдарында қызмет еткен. 1995 жылғы қыркүйектен бастап 1998 жылғы наурызға дейін кеден органдарында қызметте болған. 1999 жылғы шілдеден бастап осы уақытқа дейін қаржы полициясы органдарында қызмет етті. Әр түрлі лауазымдарда: 2001 жылғы ақпаннан бастап Агенттіктің тергеу басқармасының бастығы, 2002 жылғы ақпаннан бастап 2004 жылғы мамырға дейін Алматы қаласы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығының орынбасары, 2004 жылғы мамырдан бастап 2007 жылғы қаңтарға дейін Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті (қаржы полициясы) бастығы, 2007 жылғы қаңтардан бастап 2008 жылғы желтоқсанға дейін Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (қаржы полициясы) төрағасының орынбасары болды. 2008 жылғы желтоқсан айынан бастап Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің төрағасы қызметін атқарды. 2012 жылғы қаңтардан — Ақмола облысының әкімі. 2013 жылғы қаңтардан — ҚР Президентінің көмекшісі — Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы. 2014 жылы тамыз айында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ұлттық бюросының төрағалығына тағайындалған. Қаржы полициясының генерал-майоры. ІI дәрежелі «Даңқ» орденімен және бірқатар медальдармен марапатталған.