Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ Алда қылышын сүйретіп қыс келеді. Ал аймақтың жылыту маусымына дайындық жұмыстары қандай? Өткен аптада өткен брифингте облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасарлары Мамат Шакиров пен Нұрбай Тілегенов осы және өзге де шешілуі тиіс мәселелерге тоқталды.
Ағымдағы жылы облыстағы нысандарды дайындауға бюджеттен 2 578,0 млн.теңге бөлініп, жылумен қамтуға – 350,3 млн. теңге, электр энергиясымен қамтуға – 250,0 млн. теңге, табиғи газбен қамтуға – 1 367 млн. теңге, ал су және кәріз су жүйесіне – 612,4 млн. теңге қарастырылыпты. Бұдан өзге білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт нысандарына 5 млрд. 289 млн. теңге қосымша бөлінген. Бөлінген осыншама көлемді қаржының нәтижесінде бүгінгі күні тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және әлеуметтік сала нысандарындағы жөндеу жұмыстары 99,7%-ға атқарылған. Нақтырақ айтқанда, облыстағы қуаттылығы 100 Гкал/сағ. дейін 463 қазандықтың барлығы қыстың қытымыр мінезіне қауқар көрсетуге 100 пайыз дайын. Сондай-ақ 333 шақырым жылу желілерінің түгел дерлік әр нысанға жылу тасуына ешқандай кедергі жоқ. Қазіргі таңда облыста барлығы 1608 көпқабатты тұрғын үйлердің 1475-не жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанымен, олардың 1436 толық дайын. Дегенмен 39 үй дайын емес болса, оның 30-ы облыс орталығындағы үйлер. Бастысы, өңірдегі 795 білім, 409 денсаулық сақтау, 534 әлеуметтік-мәдени және спорт нысандары алдағы жылу маусымында ешқандай қиындық көрмейді екен. Облыстық бюджеттік мекемелерге жоспарланған қатты отын көлемі — 69,9 мың тоннаны құрайтын болса, ол түгелдей жеткізіліп қойған. Ал тұрғындар үшін қажет 331,7 мың тонна көмірдің 227,1 мың тоннасы келіп түсіпті. Бұл дегеніміз пайызға шаққанда 68,5%-ды құрайды. Осы мақсатта көмір жеткізу жылыту маусымында да жалғаса бермек. Облыстың моно және кіші қалаларының орталық қазандықтарына отын сатып алуға ҚР Үкіметінің резервінен қаражат бөлуге бас тартуына байланысты, қазіргі уақыттағы бағамен есептегенде 1 232,9 млн. теңге көлемінде қаражат облыс бюджетінен қаралып жатыр екен. Бұл қаражаттың қазан-желтоқсан айларына қажеттісі – 546,5 млн. теңге болғанымен, нақты бөлінгені – 300,0 млн.теңге.
– Жалпы ағымдағы жылы «ЖГРЭС» АҚ-мен жабдықтар мен қондырғыларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Жыл басынан станция 1-3 блокты режимде жұмыс атқарып келді. Барлық жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес орындалуда. №1,2,3,4,5 энергоблоктарға жөндеу жұмыстары жүргізілді, қазіргі таңда №6 энергоблокка күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Бүгінге күнге орындалуы 35%, аяқталу мерзімі — ағымдағы жылдың 29 – ші қазан. Станцияның қолданыстағы мазут қоры – 2682 тоннаны құрап отыр, немесе 45%. Қосымша қажетті мазут қорын (2998 т) ағымдағы жылғы 10 қазанға дейін алу көзделген. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-мен табиғи газды тасымалдау бойынша 2017 жылдың 31 желтоқсанға дейін келісім шарт жасалған. Жалпы станция 2017-2018 жылдардың жылыту маусымына дайын, – деген Мамат Сәдуұлы «ЖЭЖ» ЖШС, «Таразтрансэнерго» МКК, «Жамбыл-жылу» МКК, Теміржол-Жылу» МКК және «Игілік» КМК жұмыстарына кеңінен тоқталып өтті.
Бүгінде көпшілікті толғандырып отырған мәселелердің бірегейі облыстағы жанар-жағармай көлемдерінің жай-күйі екендігі даусыз. Журналистермен болған басқосуда облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов аталған мәселені тілге тиек етті. Оның айтуынша, ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 29 шілдедегі №361 бұйрығына сәйкес. АИ-92, АИ-95, АИ-96 және дизелдьдік отынның бағалары мемлекеттік реттеуден босатылған. Сондай-ақ ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 31 тамыздағы №500 қаулысына сәйкес, «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» қағидалары мен өлшем шарттарына байланысты тек АИ-80 ғана реттеледі екен. Осыған байланысты жетіспеген жанар-жағармай көлемдерін операторлар коммерциялық бағамен сатып алуға және өздерінің белгілеген бағаларына сатуға құқылы көрінеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы жанармай көлемдерін облыстағы операторларға үлестірмейтінін айтқан Нұрбай Мейрамбекұлы әр ай сайын ҚР Энергетика министрлігінде жанармай көлемдері әр облысқа комиссия мүшелерімен бөлінетіндігін жеткізді. Ол бөлінген жанармай «Petrosun» ресурс ұстаушылары әр облыстағы операторларға келісім шартқа сәйкес босатады екен. Бір айта кететіні, осы жылдың маусым айынан бастап реттелетін АИ-80 маркалы жанармай ҚР Энергетика министрлігінен біздің өңірге бөлінбей жатыр. Оның да өз себебі бар көрінеді. Өйткені, өндіруші зауыттар ол жанармай түрін арзан болғандығынан сатпай жатқан көрінеді. Сондықтан жанармай бекеттерінде АИ-80 сатылмауда. Ал АИ-92 сатылым бағасы 1 литрі 146-147 теңге, АИ-95 литрі 155-157 теңге, АИ-96 160-162 теңге, дизельдік отын литріне 146-147 теңгеден сатылуда. Облыста жүргізілген мониторингке сәйкес кейбір жанармай бекеттерінде АИ-92 және АИ-95 жанармай түрлері сатылмай жатыр екен. Бұл жағдайды облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Нұрбай Тілегенов уақытша құбылыс дейді.