Табиғи аумақтарды сақтау, ресурстарды тиімді пайдалану, қалдық көлемін азайту және экологиялық әдеттерді қалыптастыру ортақ күш-жігерді талап етіді. Дәл осы ұстаным Алматы қаласында өткен, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Ресейден келген 35 қатысушының басын қосқан халықаралық эковолонтерлер мектебінің негізіне айналды.
Бірнеше күнге созылған шара барысында қатысушылар өзара тәжірибе алмасып, өз өңірлерінде жүзеге асырылып жатқан экологиялық жобаларын таныстырды. Бағдарлама тек теориялық дәрістер мен тұсаукесерлермен шектелмей, алған білімді іс жүзінде қолдануға мүмкіндік беретін практикалық жұмыстарға ұласты. Халықаралық кездесудің басты мақсаттарының бірі – өз қалаларында экологиялық ағарту және волонтерлікпен айналысатын белсенділердің басын қосатын орта қалыптастыру.
Қазақстандық қатысушылардың қатарында білім беру саласының өкілдері, студенттер мен волонтерлік қозғалыс мүшелері болды. Атап айтқанда, Алматы қаласынан волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі, шараны ұйымдастырушы Кымбат Нурдаулет және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жылу физикасы және техникалық физика кафедрасы меңгерушісінің орынбасары Жанар Шортанбаева қатысты. Сарқан көпсалалы колледжінен директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Оксана Ракитянская мен ағылшын тілі пәнінің оқытушысы Айман Муратпек келсе, Жамбыл облысы атынан еріктілік қозғалысын дамытуға үлес қосып жүрген экобелсенді, волонтер Елена Голубинская қатысты.
«Волонтерлік – қоршаған әлемді тазартуға және бұл іске басқаларды да жұмылдыруға мүмкіндік береді. Табиғатқа қамқорлық әрқайсымыз жасай алатын қарапайым қадамдардан басталады», – деп атап өтті Елена Голубинская. Сондай-ақ Петропавл қаласынан келген Михаил Калашников (Іскендер Дәутов атындағы колледж және Солтүстік Қазақстан бердвочерлер клубы) құстарды бақылау (бердвочинг) арқылы табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жолдарын айтты. Ал сол қаланың тұрғыны Асель Шакимова 2023 жылдан бері зат алмасу жәрмеңкелерін, экофестивальдер ұйымдастырып, мыңдаған ағаш отырғызу шараларына мұрындық болып келеді.
Мектеп бағдарламасындағы ең қызықты бөлімдердің бірі – Ботаникалық бақта өткен экологиялық квест болды. Төрт станциядан тұрған бұл сайыста қатысушылар жарысып қана қоймай, жаңа білім алды. «Листопад» станциясында қатысушылар өсімдік жапырақтарын бақтың аумағынан тауып сәйкестендірсе, «Береги воду!» станциясында суды үнемдеу маңыздылығын ойын түрінде түсіндіретін тапсырма орындалды. «Орнитология» станциясында бақ аумағындағы құстарды байқап, суретке түсіріп, түрлерін анықтаса, «Сортировка отходов» станциясында қалдықтарды қағаз, пластик, металл болып түр-түріне бөлу дағдылары пысықталды.
Келесі күні эковолонтерлер Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдығына орай «Таза Қазақстан» акциясын өткізді. Парк аумағын тазалап қана қоймай, жиналған қоқысты жеке-жеке фракцияларға бөлді. Одан бөлек, қатысушылар Денис Теннің экофермасында болып, биогумус алу жолдарымен, электр қуатын қажет етпейтін жеміс кептіргішпен және табиғи материалдардан салынған экоелдің құрылысымен танысты. Қырғызстандық өкіл «Қырғызстанның жасыл альянсы» ұйымының мүшесі Айсулу Чоро тұрақты даму саласындағы жастар бастамалары мен ресурстарды тиімді пайдалану тәжірибесімен бөлісті.
Шараның соңғы күні қатысушылар қорытынды жасап, арнайы сыйлықтар мен грамоталармен марапатталды. Бұл халықаралық жоба Тәжікстан, Қазақстан және Өзбекстан елдерінде «ЭКА» президенттік гранттар қоры, Бас ботаникалық бақ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, «Эковика» платформасы, Россотрудничество және басқа да ұйымдардың қолдауымен жүзеге асты. Мектеп көрсеткендей, үлкен өзгерістер ағаш отырғызу, қоқысты сұрыптау немесе табиғатты қорғау сияқты кішкентай ғана нақты қадамдардан басталып, ортақ мақсат жолындағы күш-жігерді біріктіреді.







