Тараз қаласында қоршаған ортаны қорғау, санитарлық тазалықты қатаң сақтау және шаһарды көркейтіп көгалдандыру бағытындағы ауқымды жұмыстар бір сәтке де бәсеңдеген емес. Керісінше, бұл іс күнделікті жүйелі үдеріске айналып отыр. «Жасыл ел-Тараз» мекемесінің жанкешті жұмысшылары күн сайын қала көшелерін, тұрғын аулалар мен көпшілік демалатын қоғамдық орындарды ретке келтіріп, жиналған тұрмыстық қалдықтарды уақтылы шығаруды қамтамасыз етіп келеді. Сонымен қатар, санитарлық талаптардың сақталуы қатаң бақылауға алынып, кез келген олқылықтар мен стихиялық қоқыс орындарын жою бойынша жедел шаралар қабылдануда.
Айта кетерлігі, қала аумағын таза ұстау мен көгалдандыру жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей бастамасымен қолға алынып, бүкіл елді дүр сілкіндірген «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қарқынды жалғасуда. Бастама тек қалалық коммуналдық қызметтердің науқаны емес, шын мәнінде бүкіл халықты жұмылдырған жалпыұлттық қозғалысқа айналды. Тұрақты түрде ұйымдастырылатын сенбіліктер мен экологиялық акцияларға қала тұрғындары, түрлі еңбек ұжымдарының өкілдері, белсенді жастар мен еріктілер үлкен жауапкершілікпен қатысып жүр.
Мәселен, өткен жылдың өзінде осы ауқымды акция аясында атқарылған игі істерге 100 мыңға жуық қала тұрғыны атсалысып, үлкен бірлік танытты. Нәтижесінде, қала аумағы мен оған іргелес аумақтардан 6 500 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, қоршаған орта зиянды қалдықтардан тазартылды. Бұл көрсеткіш – тараздықтардың өз туған қаласының тазалығына бейжай қарамайтынын, экологиялық мәдениеттің жоғары деңгейде қалыптасып келе жатқанын айқын дәлелдейді.
Десе де тазалық пен көгалдандыру жұмыстары тек арнайы коммуналдық мекемелердің ғана міндеті емес. Қоқысты белгіленбеген орындарға тастамау, айналаға қамқорлықпен қарау, қала аумағындағы жасыл желекті көздің қарашығындай сақтап, күтіп-баптау және қоғамдық орындардың тазалығына бейжай қарамау арқылы әрбір тұрғын шаһардың көркейіп-өсуіне өз үлесін қоса алады.







