Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театрының 90-шы және 91-ші маусымдары аралығындағы кезеңі шығармашылық ізденістерге, жаңа қойылымдарға және мәдени байланыстарды нығайтуға толы болды. Бұл туралы театр директоры Ақылдос Тәжиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді.
Театр ұжымы облыстық және қалалық деңгейдегі маңызды мерекелерге орай бірқатар мәдени іс-шара ұйымдастырып, ұлттық өнерді насихаттауға, өскелең ұрпақтың бойына рухани құндылықтарды сіңіруге және патриоттық тәрбие беруге бағытталған жұмыстар атқарды. Сондай-ақ көрермен сұранысын ескере отырып, репертуарды жаңарту, қоғамдағы өзекті мәселелерді сахна тілімен жеткізу және заманауи режиссуралық шешімдерді енгізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізілді.
Театрдың 90-шы маусымы ақын Мұқағали Мақатаевтың «Қош, махаббат» спектаклімен ашылды. Қойылымның қоюшы-режиссері Қарағанды қаласынан келген Айдын Салбан, қоюшы-суретшісі Айгерім Амангелді. Бұдан бөлек, Мұхтар Әуезовтің «Қараш-қараш» повесінің желісімен әзірленген «Бақтығұл» драмасы көрермен назарына ұсынылды. Бұл қойылымның режиссері — қырғызстандық маман Шамиль Дыйканбаев, ал қоюшы-суретшісі — Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Рахат Сапаралиева.
Қаңтар айында актерлердің шығармашылық әлеуетін тиімді пайдалануға бағытталған жоспардан тыс жұмыс аясында жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаевтың «Ғашықсыз ғасыр» драмасы сахналанды. Қойылымның режиссері — Қазақстанның мәдениет саласының үздігі, театр актері Кенен Ақүрпеков.
Театр репертуары тарихи және психологиялық драмалармен ғана шектелмей, поэзия мен музыканы ұштастырған жаңа форматтағы жобалармен де толықты. Атап айтқанда, «Сөз бен саздың тоғысуы» және «Махаббат алаңы» атты поэтикалық кештер ұйымдастырылып, көрерменге сөз өнері мен әуеннің үйлесімін сезінуге мүмкіндік берді.
17 сәуірде жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасының премьерасы өтті. Қойылымды сахналаған режиссер — Гауһар Адай, қоюшы-суретшісі — Қазақстанның мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина. Тарихи туынды арқылы театр ұжымы ұлттық тарихты көркемдік тұрғыдан танытып, көрерменнің рухани танымын кеңейтуді мақсат етті. Шығармашылық құрамның кәсіби деңгейін арттыруға да ерекше назар аударылды. Осы мақсатта театрға вокал, актерлік шеберлік, сахна тілі және хореография салаларының мамандары шақырылып, шеберлік сабақтары өткізілді.
Театрдың мерейтойлық жылындағы маңызды оқиғалардың бірі — ұжымның 90 жылдығына және Қазақстанның халық артисі Асқар Тоқпановтың 110 жылдығына арналған республикалық театр фестивалі. Фестиваль аясында «Тоқпанов – феномен!» атты дөңгелек үстел өткізіліп, театртанушы, өнертану кандидаты, профессор Нұрпейіс Бақыт Кәкиқызы көрнекті режиссердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы танымдық мәліметтер ұсынды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 2 желтоқсандағы №1032 қаулысымен театрға «Академиялық театр» мәртебесі берілді.
27–29 мамыр аралығында Тараз қаласында Қазақстанның халық артисі, профессор Тұңғышбай Жаманқұлов атындағы «Тұңғышбай әл-Тарази Таразға шақырады» халықаралық актерлер фестивалі өтті. Аталған мәдени шараға орай театр ұжымы ағылшын драматургі Уильям Шекспирдің «Макбет» шығармасын сахналады. Қойылымның режиссері — Даниил Филиппович, хореографы — Вадим Дубовик, суретшісі — Аружан Адырбек.
18 қыркүйекте театрдың 91-ші маусымы арнайы мерекелік бағдарламамен ашылып, көрермен назарына «Сұлтан Бейбарыс» тарихи драмасы ұсынылды. Ал 29 қыркүйекте жас актер Азамат Тұраровтың «Аман. Сенімдер сөнгенде» атты психологиялық драмасының премьерасы өтті. Қоюшы-режиссері — Аягөз Абдраманова, қоюшы-суретшісі — Аружан Адырбек. Қойылымда лудомания, яғни құмар ойынға тәуелділік мәселесі қозғалып, жасөспірімдердің оңай олжаға қызығуы мен оның ауыр зардаптары көркемдік тұрғыдан бейнеленді.
Театр директоры Ақылдос Тәжиевтің айтуынша, ұжымның басты міндеттерінің бірі — көрерменге мазмұнды қойылымдар ұсына отырып, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді көтеру және шығармашылық ізденістерді үздіксіз дамыту.
«Театрдың дамуы жаңа қойылымдармен ғана өлшенбейді. Біз үшін көрерменмен байланыс орнату, жас актерлердің кәсіби қалыптасуына жағдай жасау, тәжірибелі мамандардың шеберлігін кейінгі буынға жеткізу де маңызды. Жаңа есімдердің келуі шығармашылық ұжымға тың серпін беріп, алдағы жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашады», — деді театр директоры.
Алдағы жоспарлар қатарында жас режиссер Талғат Тәжіковтің жас драматург Алишер Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым» пьесасы бойынша қойылым әзірлеуі бар. Сондай-ақ театр ұжымы 12–16 қазан аралығында Атырау қаласында өтетін Рахымжан Отарбаев атындағы III халықаралық театр фестиваліне «Құсалық» спектаклімен қатысуға шақырылған. 13–17 қазан күндері Қарағанды қаласында өтетін Әшірбек Сығай атындағы «Сын шын болсын…» III республикалық театр фестивалінде «Макбет» қойылымын ұсыну жоспарланған.
Биылғы маусымның тағы бір ерекшелігі — театр құрамының жас мамандармен толығуы. Актерлік труппаға 12 жас актер қабылданса, шығармашылық құрамға екі суретші мен екі режиссер, сондай-ақ труппа меңгерушісі және режиссер көмекшісі қосылды.
Осылайша, 90 жылдан астам тарихы бар театр жаңа маусымда да ұлттық драматургияны насихаттау, заманауи сахналық ізденістерді дамыту және жас таланттардың шығармашылық әлеуетін ашу бағытындағы жұмысын жалғастыруда.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







