Жамбыл облыстық орыс драма театрында балалық шақтан таныс, бірнеше ұрпақтың сүйікті туындысына айналған «Бремен музыканттары» музыкалық ертегісінің премьералық көрсетілімі өтті.
Көрермендер Трубадур және оның көңілді әрі адал достары – Есек, Ит, Мысық пен Әтешпен бірге қызықты да ғажайып саяхатқа аттанды. Армандарындағы мақсатқа және сұлу Ханшайымға жету жолында кейіпкерлерді таңғажайып оқиғалар, айлакер қарақшылар және данышпан Детектив күтіп тұрды. Жанды энергияға, әсерлі хореографияға және Юрий Энтиннің өлеңдеріне жазылған Геннадий Гладковтың аңызға айналған әндеріне толы қойылым көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ересек көрермендер үшін спектакль балалық шаққа деген жылы сағынышты оятса, жас көрермендерге шынайы достықтың, махаббаттың қадірін түсіндіріп, ғажайыптарға сенуге шабыт берді.
Сондай-ақ, көрсетілім аясында балалардың сурет көрмесі де ұйымдастырылды. Көрменің кураторы — театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Раушан Қазбаева. Көрмеге театрдың тұрақты жас көрермендері, «Ястреб» және «Шуғыла» бейнелеу өнері студияларының тәрбиеленушілері, сондай-ақ №4 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының тәрбиеленушілері қатысты. Балаларға шығармашылық еркіндік беріліп, әрқайсысы ертегі мен спектакльді өзінше қабылдап, өз көзқарасын сурет арқылы жеткізе алды.
Көрсетілімнің негізгі мақсаты — өңірдегі балаларға арналған театр өнерін насихаттау және дамыту, жас суретшілердің шығармашылық қабілеттерін дамыту, балаларға «Бременские музыканты» ертегісін өз көзқарастары арқылы бейнелеуге мүмкіндік беру.
Спектакльдің авторлары — Василий Ливанов және Юрий Энтин, ал қоюшы-режиссер — Ольга Избасарова. Қоюшы-суретші Рахат Сапаралиева.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







