Республикалық штаб өз жұмысын бастағаннан кейін бұл бастама еліміздің барлық өңірінде кезең-кезеңімен іске қосылуда. Осыған орай, Жамбыл облысында бір облыстық, бір қалалық және 10 аудандық сайлауалды штаб қызметіне кірісті.
Жергілікті штабтардың құрамына өңірдің қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген, ел арасында беделі бар азаматтар іріктеліп енді. Олардың қатарында білім, мәдениет, бизнес өкілдері, азаматтық сектор мамандары, мәслихат депутаттары, жастар мен қоғам белсенділері бар. Мүшелердің басым бөлігі бұған дейінгі сайлау науқандарында мол тәжірибе жинақтаған мамандар. Сонымен қатар штабтар жанынан 400-ге жуық ерікті жұмылдырылып, олар үгіт-насихат материалдарын таратуға, сайлаушылармен кездесулер ұйымдастыруға және ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына атсалысуда.
Алдағы науқанда партиялық тізім бойынша жалпы саны 186 кандидат ұсынылған болатын. Оның ішінде 100 кандидат орталық партиялық тізімге енсе, 86 үміткер өңірлік тізімге кірді, ал Жамбыл облысынан бұл тізімге 4 кандидат енгізілді. Салтанатты шара барысында жиналғандарға штабтың құрылымы, негізгі жұмыс бағыттары және алдағы сайлау кезеңіне арналған іс-шаралар жоспары таныстырылды. «Әділет» партиясы алдағы сайлауда әділдік қағидаттарын ілгерілетуді, қоғам сұраныстарына нақты шешімдер ұсынуды, азаматтармен ашық диалог орнатып, қабылданған міндеттемелерге жауапкершілікпен қарауды басты басымдық ретінде белгілеп отыр. Облыстық штабтың ресми ашылуы өңірдегі сайлауалды науқанды жаңа деңгейге көтеріп, сайлаушылармен жүйелі байланыс орнатуға мүмкіндік береді.






