Сапар аясында Ермек Көшербаевты Иран Президенті Масуд Пезешкиан қабылдап, сондай-ақ елдің Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен келіссөздер өткізді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Қазақстан халқының атынан Ермек Көшербаев Иран халқына жуырдағы қайғылы оқиғаларға байланысты көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.
Президент Масуд Пезешкианмен кездесуде тараптар оның 2025 жылғы желтоқсанда Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың орындалу барысын талқылады. Сонымен қатар өңірдегі қазіргі жағдай мен оның даму перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Иранның Сыртқы істер министрі Аббас Аракчимен өткен келіссөздерде екіжақты ынтымақтастықты кеңейту, халықаралық және өңірлік ұйымдар аясындағы өзара іс-қимыл, сондай-ақ Қазақстан–Иран қарым-қатынасын одан әрі дамыту мәселелері қаралды.
Ермек Көшербаев Қазақстанның Иранмен дәстүрлі достық, тату көршілік және өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін растады. Сонымен бірге Иран мен өңір мемлекеттерінің тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөліне тоқталды.
Келіссөздер барысында Иран мен АҚШ арасында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум аясында қол жеткізілген келісімдердің маңыздылығы да атап өтілді.
Тараптар 2026 жылғы 28 маусымда Бендер-Аббас қаласындағы Шахид Раджаи портында қазақстандық көлік-логистикалық терминал салу үшін жер учаскесін беру туралы келісімге ерекше назар аударды. Бұл жоба Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін арттыру және экспорттық мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда.
Кездесу барысында терминал құрылысы екі ел арасындағы сауда айналымының ұлғаюына ықпал ететіні айтылды. Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың қорытындысында Қазақстан мен Иран арасындағы тауар айналымы 26,4 пайызға өсіп, 430,2 миллион АҚШ долларын құрады.
Келіссөздер соңында Қазақстан мен Иран екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және барлық бағыттар бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екенін растады.








