ҚР Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай қала әкімі Рүстем Дәулет Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойынының күміс жүлдегері Елдос Сметов пен осы қалада өткен Паралимпиада ойынының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаға пәтер кілттерін табыс етті.
Өңірден шыққан Жақсылық Үшкемпіров, Се¬рік Қонақбаев, Болат Жұмаділов, Ер¬ма¬хан Ибрагимов, Бақтияр Артаевтар секілді қаншама Олим¬пиада жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің салып кеткен сара жолынан бүгінгі спорт саңлақтары да айныған емес. Олар да түрлі әлемдік бәсекелерде еліміздің намысын қолдан бермей, жеңіс тұғырының биік сатысынан жиі көрініп келеді. Өткен жылы түндігі түрілген Рио Олимпиадасында жерлесіміз дзюдо күресінен күміс жүлдені қанжығаға басса, осы қалада ұйымдастырылған Паралимпиада ойынында Зульфия Габидулли 100 метрге жүзуден алдына жан салмай, жеңімпаз атанған болатын. Зульфияның бұл алтыны еліміздің қоржынына алғаш рет түскендіктен, оның бағасы біздер үшін тым биік. Қатысқан сан бәсекеде жүлдесіз оралмайтын өңір оғландарының төккен терлері мен еткен еңбектері ерен. Әрине, бұл бағытта қолдаудың да үлкен маңызға ие екендігі ақиқат. Елбасы бастап, Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, облыс және қала әкімдігі ел намысын қорғайтын спорт саңлақтары үшін қолдан келген жағдайды жасап бағуда. Мәселен, ҚР 2014 жылғы 3 маусымдағы «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңының 8 бабы 2 тармағы 12 тармақшасына сәйкес, сурдолимпиада, паралимпиада және олимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері тұрғын үймен қамтамасыз етіледі делінген. Осы мақсатта қала әкімдігі Рио-де-Жанейро қаласында өткен ХХХІ Жазғы Олимпиада ойынының күміс жүлдегері Елдос Сметовке 2 бөлмелі, ал осы қалада өткен Паралимпиада ойынының жеңімпазы Зульфия Габидуллинаға 3 бөлмелі пәтер алып берді. Пәтерлерді алу үшін республикалық бюджеттен 19 млн,879 мың теңге қаражат бөлініп, «Бином» тұрғын үй кешенінен пәтерлер сатып алынды. Пәтерлер «Бином » ЖШС-гінің қаржысына соғылған.
Пәтер кілттерін байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, көк туымызды көкке көтерген жеңімпаздарға шаһар басшысы Рүстем Дәулет салтанатты түрде табыс етіп, оларды жаңа қоныстарымен құттықтады.
– ҚР Мемлекеттік рәміздер күні мерекесіне орай жеңімпаздарымызға пәтер кілтін табыс етіп отырмыз. Олар сан бәсекелерде ел намысын қорғап, көк туымызды көтеріп, ән ұранымызды айтқызып жүр. Оның астарында спортшының жеке дайындығы мен еңбегінен өзге Елбасының спортқа деген қамқорлығы жатыр. Спортшыларымыздың мұндай жетістікері артынан ерген өскелең ұрпақтың талабын шыңдап, құлшынысын оятады, – дейді Рүстем Рысбайұлы. Пәтер кілтін алған Елдос Сметов пен Зульфия Габидуллина спортқа зор көңіл бөліп жатқан Елбасына, Мәдениет және спорт министрлігіне, облыс және қала басшылығына алғыстарын жаудырды. Сондай-ақ олар облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы да ерекше ризашылығын білдірді.
– Бүгінгі көңіл-күйім өте керемет. Біздердің спортпен шұғылдануымыз үшін барлық жағдай жасалынып жатыр. Шешімін таппаған мәселе жоқ. Тек қана тыңғылықты жаттығу жасап, жарыстарда жүлде алу керек. Жалпы, спортшыларға осылай жағдай жасап отыру қажет. Себебі, бұл өзге спортшыларымызды жеңіс жолында құлшындырып, үлкен мақсаттарға жетелейді, – дейді Елдос Сметов.