Түркістан төрінде бой көтерген жаңа зәулім мешіт Қазақстан мен Өзбекстан халықтарының арасындағы мызғымас достық пен рухани сабақтастықтың жарқын айғағына айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев мешітке арнайы барып, оның сәулетімен және ішкі тынысымен танысты. Құлшылық ордасының орталық залында қасиетті Құран аяттары оқылып, ел амандығы үшін дұға жасалды.

Айта кетерлігі, бұл нысан Шавкат Мирзиёевтің қазақстандықтарға деген шынайы құрметі мен ықыласының нышаны ретінде бауырлас елдің тартуымен салынды. Мешіт архитектурасынан дәстүрлі ислам өнері мен озық технологиялардың үндестігін анық байқауға болады. Мұнаралары 61 метр биіктікке бой созған ғимараттың сыртқы қасбеті мен ішкі көріністері ұлттық ою-өрнектермен және мұсылман каллиграфиясының нәзік үлгілерімен көмкерілген.

Заманауи инженерлік желілермен толық жабдықталған кешеннің айналасы да ерекше абаттандырылып, келушілерге ыңғайлы демалыс аймақтары, субұрқақтар мен жарықтандыру жүйелері қарастырылған.
Фото: Ақорда







