Бұл үндеу алдағы жазғы демалыс маусымында жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жарияланған.
Ведомство өкілдері демалыс кезінде интернет пен әлеуметтік желілерде «тез табыс», «жеңіл жұмыс» немесе «жоғары кіріс» туралы тартымды ұсыныстардың көбейетінін, алайда мұндай жарнамалардың артында көбіне есірткі курьерлігі, «закладка» жасау және заңсыз заттарды жарнамалау секілді ауыр қылмыстар жасырынатынын ескертті.
Министрлік есірткі қылмыстары үшін жауапкершілік 16 жастан басталатынын және жазаның өте қатал екенін, тіпті өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін баратынын қадап айтты.
ІІМ жастарды күмәнді жұмыс ұсыныстарынан бас тартып, «жеңіл табыс» иллюзиясы үшін өз тағдырлары мен еркіндіктерін қатерге тікпеуге шақырды.
«Бір жаз үшін емес, бүкіл өмір үшін дұрыс таңдау жасаңыздар, өйткені еркіндік пен болашақ өткінші ақшадан әлдеқайда маңызды» делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, Қазақстан мектептерінде оқу жылы 25 мамырда аяқталады.






