Әлемнің 70 елінен келген 240-қа жуық қаржы сарапшылары мен эксимбанк басшыларының басын қосқан бұл шара Қазақстанның әлемдік экономикадағы рөлі артып келе жатқанын көрсетті. Жиын барысында Үкімет басшысы Олжас Бектенов еліміздің инвестициялық тартымдылығы мен экономикалық жетістіктерін таныстырды.
Бүгінде Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 144 млрд долларға жетіп, отандық өнімдер әлемнің 127 еліне экспортталуда. Мемлекет 2030 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 52 млрд долларға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа жету үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуеті мен «Алтын виза» сияқты инвесторларға арналған жеңілдіктер белсенді қолданылмақ. Сондай-ақ, елде «Digital Qazaqstan» стратегиясы аясында жасанды интеллект пен цифрлық инфрақұрылымды дамытуға ерекше басымдық берілуде.
Берн одағының мүшелері жыл сайын әлемдік сауданың 13%-ын (шамамен 3,7 трлн доллар) сақтандырумен қамтитынын ескерсек, Қазақстанның бұл ұйыммен серіктестігі өте маңызды. Одақ президенті Юичиро Акита Қазақстанды жаһандық сауда ағындарының «негізгі байланыстырушы буыны» деп атап, еліміздің транзиттік мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Өз кезегінде «Бәйтерек» холдингі 2032 жылға дейін құны 170 млрд долларлық перспективалы жобалар пулын дайындап, шетелдік әріптестерді бірлескен қаржыландыру мен сақтандыру тетіктерін пайдалануға шақырды.







