Облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандықтарының кәсіби бірлестігі» және «QazMed» салалық кәсіподағының аймақтық филиалы ұйытқы болған бұл шара мейіргер ісінің қоғамдағы маңызын арттыруды көздейді. Байқаудың негізгі мақсаты – орта буын медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін шыңдап, өзара тәжірибе алмасуға жағдай жасау, сондай-ақ өз ісінің нағыз шеберлерін көпшілікке таныту. Мұндай бастамалар аймақтың денсаулық сақтау саласына соны серпін беріп, пациенттерге көрсетілетін қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған. Мейіргер – кез келген емдеу мекемесіндегі медициналық ұжымның ажырамас бөлігі, науқастың сауығу жолындағы сенімді серігі. Дәрігер нұсқауын бұлжытпай орындаудан бастап, сырқатқа күтім жасау, құжаттама жүргізу және санитарлық-ағарту жұмыстарына дейінгі жауапты міндеттерді атқаратын мамандардан терең біліммен қатар, ерекше мұқияттылық пен адамгершілік қасиеттер талап етіледі.
Биылғы тартысты додаға облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 10 үміткер қатысып, үш түрлі бағыт бойынша өзара бақ сынасты. Қатысушылардың кәсіби деңгейі мен практикалық машықтары «Жамбыл облысы мейіргер ісі мамандары бірлестігі», «Үздік медициналық-санитариялық алғашқы көмек мейіргері» және «Үздік ауыл мейіргері» номинациялары аясында сарапталды. Бірінші санат бойынша үздік нәтиже көрсеткен Жамбыл облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының мейіргері Нұргүл Аблаевна Конысбаева І орынға ие болса, екінші сатыға Тараз қалалық көп бейінді ауруханасының өкілі Ербол Алмасханұлы Тамабек көтерілді, ал үшінші орынды Кардиохирургия және трансплантология орталығының операциялық мейіргері Жансая Беркімбайқызы Танибергенова иеленді. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету саласында №7 қалалық емхананың маманы Ақмарал Асылбекқызы Байбосынова дара шығып, І орынды жеңіп алды. Бұл номинацияда екінші орын Үміт Елшібекқызы Елшібекке, үшінші орын «Жаншуақ Медикал Групп» мекемесінің мейіргері Назерке Жартыбайқызы Нұғмановаға бұйырды.
Ауыл медицинасын дамытуға үлес қосып жүрген мамандар арасында Қордай аудандық орталық ауруханасының мейіргері Аяжан Ерланқызы Джилкибаева үздік танылып, тұғырдың бірінші сатысынан көрінді. Байзақ ауданынан келген Анар Ерланқызы Ерлан ІІ орынды місе тұтса, жүлделі үшінші орынды Мойынқұм ауданының намысын қорғаған Асылзат Қанатбекқызы Әлібек пен Зарина Артықбаевна Сұлтанқазы өзара бөлісті. Байқаудың салтанатты жабылу рәсімінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерге «QazMed» кәсіподағы тарапынан қомақты қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Кәсіподақ ұйымы медицина қызметкерлерінің құқығын қорғап қана қоймай, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне және әлеуметтік жағдайының жақсаруына тұрақты қолдау көрсетіп келеді. Осы орайда, І орын иегерлеріне 100 000 теңге, ІІ орынға 50 000 теңге, ал ІІІ орын алғандарға 30 000 теңге көлеміндегі сертификаттар берілді. Бұл марапаттар ақ халатты абзал жандардың қажырлы еңбегіне берілген лайықты баға мен ынталандырудың белгісі іспетті. Осындай кәсіби жарыстар алдағы уақытта да дәстүрлі түрде өткізіліп, Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесін нығайтуға және мейіргер мамандығының абыройын асыруға қызмет ете бермек.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







