Ақын мұрасын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған кеш Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бастамасымен өтті.

Кеш шымылдығы Талас аудандық халық театрының сахналық қойылымымен ашылып, көрермендерге ақын өмірі мен шығармашылығына арналған бейнеролик ұсынылды.
Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының орынбасары Гүлдана Серікбаева, өңірдің зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, мәдениет және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты. Ресми бөлімде сөз алған Гүлдана Кенжеқарақызы ақынның рухани мұрасының маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ақынның әпкесі Ұлжан Қашағановаға құрмет көрсетіліп, камзол жабу рәсімі өтті.

Кеш барысында ақынмен замандас қаламгерлер – Шырын Мамасерікова, Көсемәлі Сәттібайұлы, Ербол Қамбатыров, Қасқырбай Нарбатыров естеліктерімен бөлісіп, Нарша Қашағанұлының шығармашылығы мен азаматтық болмысына кеңінен тоқталды.

Сонымен қатар, ақын сөзіне жазылған әндер орындалып, кеш мазмұнын байыта түсті. Композитор Әуезхан Салабеков пен әнші Мадина Сағымбекова, Жақсылық Тілеубеков орындаған туындылар көрермен көңілінен шықты.
Кеш соңында «Рақмет саған, туған ел» әні шырқалып, қатысушылар естелік суретке түсіп, тағылымды шара өз мәресіне жетті.








