Атырау облысы тұрғындарын спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 62%-дан 71%-ға дейін артты. Бүгінде өңір халқының 46,7%-ы бұқаралық спортпен тұрақты түрде шұғылданады.
Жергілікті бюджет есебінен 33 спорт кешенінің құрылысы басталып, оның ішінде 11 нысан биыл пайдалануға берілді. Қалған 22 спорт кешенінің құрылысы келесі жылы толық аяқталмақ.
Өңірде спортты жүйелі дамыту мақсатында дарынды балаларға арналған мектеп-интернат-колледж жанынан жаңа заманауи спорт кешені мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетігі арқылы салынуда.
Сонымен қатар облыста мына ірі спорттық нысандар бойынша жұмыс жүргізілуде:
-
«TEXOL WELLNESS ATYRAU» спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды;
-
Ұлттық спорт кешені (ипподром) жобасы дайындалды;
-
12 мың орындық стадион жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде;
-
«ATYRAU ARENA» көпбейінді спорт кешенінің жобасы да сараптамада.
Биыл «Атырау» футбол клубы Премьер-лигада бірінші лигаға түсіп қалудан аман қалғаны белгілі. Клуб президенті Дидар Сыдықбектің қызметіне байланысты сауалдар қоғамда да, спорт жанкүйерлері арасында да көтерілуде.
Клубтың қазіргі жағдайына талдау нәтижесінде бірқатар құқықбұзушылықтар анықталып, клуб қызметі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес клуб жекешелендіруге шығарылады.
Клубтың спорттық көрсеткіштері де белгіленген талаптарға толық сәйкес келмейді. Егер жұмыс тиімді болғанда, команда турнир кестесінің жоғарғы бөлігінен көрінер еді. Сол себепті алдағы жекешелендіру процесінде нақты талаптар қойылып, клубтың тұрақты әрі нәтижелі жұмысы қамтамасыз етілетін болады.
Өңірде киік етінің сатылуы жөніндегі сұрақ та көтеріліп отыр.
Аталған мәселе негізінен Батыс Қазақстан облысының құзырында, себебі киікті заңды түрде алу, өңдеу және ресми есеп жүргізу — сол өңірде жүзеге асырылады.
Атырау облысына киік еті тиісті ветеринарлық және рұқсат құжаттарымен жеткізіліп, базарлар мен сауда орындарында сатылады.
«Өзім киік етін тұтынған жоқпын» деді Серік Жамбылұлы.







