Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов өңірге жұмыс сапары аясында ауыл тұрғындарымен кездесті.
Тұрғындардың айтуынша, орталықтандырылған су жүйесі болғанымен, оның техникалық жағдайы өте нашар. Құбырдағы су қысымы тым әлсіз, ал кейбір көшелерге мүлде жетпейді. Тұрғындар суды түнде ыдыстарға жинап, күн тәртібін соған бейімдеуге мәжбүр. Мәселе тек оның қолжетімсіздігінде ғана емес, сапасына да қатысты.
– Қазір ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Енді басты мақсат – республикалық бюджеттен қаржы тарту. Бұл мәселе Үкімет қарауына ұсынылды. Премьер-министр тарапынан бақылауға алынды. Бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінуге тиіс. Бұл мәселе «AMANAT» партиясының тікелей бақылауында, – деді Максим Рожин.
Жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, ұзындығы 184,8 шақырым болатын су құбыры, екі су қоймасы, үш насос станциясы, дизельді генератор мен трансформаторлық қосалқы станция салу жоспарланған. Құрылыс аяқталғаннан кейін шамамен 20 мың адам таза ауызсуға қол жеткізетін болады.
Депутаттардың аймақтарға іссапарлары туралы толығырақ parlam.kz сайтынан оқи аласыздар.
Мәжіліс