Ауқымды іс-шараны ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ұйымдастырды.
Жиынға ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі, Алматы облысының әкімі, халықаралық және отандық ғалымдар, сарапшылар, жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, сондай-ақ бизнес-қауымдастық өкілдері қатысты.
Жамбыл облысынан ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы, аудан әкімдерінің салалық орынбасарлары және 20-ға жуық шаруа қожалықтың жетекшісі делегация құрамында келіп, тәжірибе алмасты.
Егінжай күнінің басты мақсаты – Қазақстанда көміртекті егіншілікті дамыту, көміртекті секвестрлеу және топырақ құнарлылығын қалпына келтіру жөніндегі инновациялық шешімдерді таныстыру, сондай-ақ органикалық секторды қолдаудың институционалдық тетіктерін талқылау.
Іс-шара аясында көміртекті және органикалық егіншілікті дамытудағы негізгі сын-қатерлер жан-жақты сараланды.
– Қазақстан топырақ пен биомассада көміртекті секвестрлеу үшін кең мүмкіндіктерге ие. Жайылымдар мен пайдаланылмай жатқан егістік алқаптардың едәуір бөлігі қалпына келтіріліп, тиімді көміртек резервуары ретінде пайдаланылуы мүмкін. «Көміртекті полигондар» құру бастамасы – деградацияланған жерлерге орман белдеулері мен көпжылдық дақылдар отырғызу арқылы елдің «жасыл өкпесін» қалыптастыруға бағытталған. Қазақстанның климаттық саясатында 2030 жылға дейін CO₂ шығарындыларын 325 млн тоннаға дейін қысқарту көзделген. Бұл міндетті іске асыруда аграрлық сектордың белсенді қатысуы қажет.Осы тұрғыдан алғанда, органикалық және көміртекті егіншілік бірін-бірі толықтыратын тәсілдер ретінде қарастырылады. Ауыспалы егіс, компост енгізу, сидераттарды пайдалану, топырақты минималды өңдеу сияқты органикалық әдістер гумустың жиналуына ықпал етеді.Еуропалық Одақ елдерінде органикалық шаруашылықтар топырақтағы органикалық заттардың құрамын сақтауға міндетті. Бұл, өз кезегінде, топырақтың құрғақшылыққа және эрозияға төзімділігін арттырады, – деді Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев.
Спикер баяндамасында көміртекті егіншілікті дамыту бойынша Академия айқындаған басым міндеттерді атап өтті.
Іс-шараның қорытындысы бойынша Қазақстанда көміртекті және органикалық егіншілікті дамытуға арналған, ғылыми тұрғыдан негізделген шаралар мен оларды ұлттық деңгейде іске асыру тетіктерін қамтитын резолюция әзірленеді.
Жамбыл облысының әкімдігі